Тереңкөл ауданында суға секірген адамды іздеу уақытша тоқтатылды

Тереңкөл ауданында суға секірген адамды іздеу уақытша тоқтатылды
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Белсенді іздестіру жұмыстары он күнге созылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, осы уақыт ішінде Тереңкөл ауданының Береговое ауылында жұмыстар екі бағытта жүргізілген. Құтқарушылар эхолоттарды пайдалана отырып, Ертіс өзенінің түбіне тексеру жүргізді, ұзындығы шамамен 240 км жағалау (119,5 км ағыс бойынша жоғары, 119,5 км ағыс бойынша төмен) тексерілді. Сондай-ақ Абай облысының құтқарушылары жұмылдырылды.

–  Тексеру кезінде аралдарға, таяз жерлерге, шөгінділерге, суға құлаған ағаштарға ерекше назар аударылды.  43 сүңгуірлік жұмыс жүргізіліп, 3800 шаршы метрден астам аумақ зерттелді, – дейді департаментте. 

Қатты ағын су мен табиғатты қорғау мақсатында жіберіліп жатқан су арнасының көтерілуі, өзен түбінде нөлдік көріну іздеу жұмыстарын қиындатты. Осыған байланысты іздеу шаралары уақытша тоқтатылды, кейін қайта жалғасын табады.

Еске сала кетейік, 12 сәуірге қараған түні демалушылардың бірі жағаға байланған баржадан суға секіріп, кейін су бетіне шықпағаны туралы хабарлама  түскен. Алдын ала мәліметтер бойынша, бір топ азамат балық аулап, ішімдік ішкен.