Тереңкөлде инвесторға жер беруден бас тартқаны үшін екі шенеунік жазаланды

Тереңкөлде инвесторға жер беруден бас тартқаны үшін екі шенеунік жазаланды
Фото: Константин Шелков

Прокуратура инвесторлар құқығын қорғау комитетінің үйлестіруімен кәсіпкердің құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тереңкөл ауданының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, «Богдан» шаруа қожалығының мүддесін қорғады. Аталған шаруашылық шамамен 600 миллион теңге көлемінде инвестиция салып, өңірде көкөніс сақтайтын қойма салуды қолға алған. Жоба іске асса, жаңа он жұмыс орыны ашылып, өңірдегі азық-түліктің сапасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Алайда бұған дейін жергілікті атқарушы орган инвесторға жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартқан. 

– Ауданның жер қатынастары бөлімі инвесторға жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзарту туралы рұқсатты ҚР «Жер кодексінің 37-бабына» қате сілтеме жасағандықтан бермеді. Бұл қадам жобаның іске асырылуына қауіп төндірді, – деді облыс прокурорының аға көмекшісі - инвесторлардың құқықтарын қорғау тобының жетекшісі  Әділет Әлмұхамбетов.

Құзіретті органның араласуынан кейін инвестордың жерге қатысты құқықтары толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысына тәртіптік жауапкершілік тағайындалды.

Айта кетейік, шаруа қожалығы құрылыс жұмыстарын енді ғана бастады. Жоба келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.