Тереңкөлде заңсыз ішімдік сатқан дүкен анықталды
Тәртіп сақшылары спирттік өнімдерді заңсыз саудалаудың арты қатаң әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін қатаң ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алкогольдік мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу – полиция қызметінің басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта учаскелік полиция инспекторлары рейдтік іс-шараларды тұрақты жүргізіп, тұрғындардан түскен әрбір сигналды мұқият пысықтап отырады.
Кезекті тексеріс барысында Тереңкөл ауылындағы дүкендердің бірінде алкоголь өнімдерін тиісті құжаттарсыз сату фактісі тіркелді.
– Анықталғандай, ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, тиісті лицензиясыз ішімдік саудасын қызмет еткен. Бұл заңбұзушылық бойынша дүкен иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, жыл басынан бері өңір аумағында осындай 10 заңбұзушылық анықталған. Мұндай рейдтер алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізіле бермек.