Тереңкөл ауданында ауыл тұрғындары мәдениет үйін өздері салмақ

Тереңкөл ауданында ауыл тұрғындары мәдениет үйін өздері салмақ

Ол үшін тұрғындар биліктің ауылға көңіл бөлуін сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Тереңкөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды. 

Кездесуде Жасқайрат ауылының тұрғыны Әділ Дүйсенбеков ауылдағы мәселені көтерді. 

Кеңес үкіметі кезінен біздің ауылға ешбір көңіл бөлінбеген. 36 үйі бар кішкентай ғана ауыл. Қазір алаңдатып отырған бір мәселе – мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейміз. Түсінемін, мектеп кішігірім. 26 бала оқиды. Шағын орталығы бар. Бірақ 1976 жылы салынғаннан бері ірі жөндеу жұмыстары ешқашан жасалмаған. Қарапайым ғана пластикалық терезе де жоқ. Барлығы ағаштан. Қыста бір жағдай болған. Одан кейін бір жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейміз, –  деді Әділ Дүйсенбеков.

Облыс әкімі мектептегі бала санын көбейту қажет екенін атап өтті. Өйткені мәселелерді шешуде адам саны көп орындарға басымдық беріледі. 

–  Халықтың саны өте маңызды. Өкінішке орай, бізде мектебінде 21-25 баласы бар бірнеше ауыл бар. Бізде үлкен ауыл болмаса да қаймағы бұзылмаған ауылдар жеткілікті. Солардың қатарына кіруге тырысу керек. Өйткені, мәселені шешкенде көпшіліктің мүддесі бірінші қатарда тұрады. Сондықтан халық санының көптігі ескеріледі. Мұнда басқа туыстарыңыз, достарыңыз болса, соларды әкеліп ауылды бірге дамытайық. Ал, мектеп бойынша жобасы дайын болса біз қаражатпен көмектесуге дайынбыз, –  деді Асайын Байханов.

Әділ Дүйсенбеков өзі жергілікті қауымдастық құрамына кіретінін, қандастар мен оңстүстіктен қоныс аударғандарға әрдайым ауылды таныстырып, шақырып тұратынын және ауылдағы бала санын көбейтуге өзі де үлес қосып жатқанын атап өтті. Аудан басшылығы биыл ауылға оңтүстіктен 2 жанұя көшіп келеді деп уәде еткен. 

Жұрт көзінше айта кеткім келіп тұр, біз аудан басшылығымен ауызша келісім жасадық. Егер біздің ауылымызға көңіл бөлсе, ауылымызда шаруа қожалық бар, ауыл тұрғындары бар өзіміз мәдениет үйін саламыз деп жоспарлаудамыз. Бізге кішкене көңіл бөлсе, біз де жай отырмаймыз, –  деді Әділ Дүйсенбеков.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Оспанова аталған мектепте жылда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Өзі бір қабатты ғимарат. Биыл еденін ауыстыруға және қабырғаларын жөндеуге 2 млн теңге бөлінді. Оған қосымша аудандық білім бөлімінің басшысына былтыр жанған мектептің төбесін жөндеуге қатысты құжаттамасын дайындау тапсырылды.