Цифрлық технологиялар көмегімен Павлодарда қауіпсіздік нығая түсті

Цифрлық технологиялар көмегімен Павлодарда қауіпсіздік нығая түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жыл басынан бері 102 арнасына 128 мыңнан астам қоңырау түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Павлодар облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың рөлі артып келеді. Облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығы «ақылды полиция» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды тетіктердің біріне айналды.

Аталған орталықта заманауи технологиялар арқылы өңірдегі ахуал тәулік бойы нақты уақыт режимінде бақыланады. Полицияның кешенді күштері мен кезекші жасақтардың жұмысы үйлестіріліп, жедел шешімдер қабылданады. Соның нәтижесінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы қамтамасыз етілуде.

Жыл басынан бері 102 арнасына 128 мыңнан астам азамат жүгінген. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде 299 тұрғын полициядан көмек сұраған. Қоғамдық тәртіпті бұзудың 550 дерегі тіркеліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 443 жүргізушіге шара қолданылған.

Павлодар облысы ПД Жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденовтің айтуынша, бейнебақылау камералары күн сайын жол қауіпсіздігіне қатысты түрлі құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау секілді фактілер жиі тіркеледі.

– Анықталған әрбір құқық бұзушылық бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданады, – деді ол.

Полиция өкілдері қауіпсіздік – тұрақтылық пен азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімінің басты кепілі екенін атап өтті. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы Павлодар облысында құқықтық тәртіп пен қоғамдық бақылау жаңа деңгейге көтерілуде.