ТЖМ тікұшағы Павлодарға ауыр жағдайдағы науқасты жеткізді
Әуе кемесі шұғыл санитарлық рейсті Екібастұз қаласынан орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәжірибелі ұшқыштар Керім Сауқынбек пен Азамат Асылханның басқаруындағы тікұшақ 1993 жылы туған науқасты Павлодардың бейіндік ауруханасына қауіпсіз жеткізді.
Әуе жолында науқастың жағдайын реаниматолог Медет Талғатов пен медбике Айгүл Байникенова бақылап, шұғыл көмек көрсетті. Дәрігерлер мен ұшқыштардың үйлесімді жұмысының арқасында науқас мамандандырылған медициналық мекемеге уақытында тапсырылды.