Түнде қыдырған: Павлодар облысында 200-ден астам ата-ана жазаланды

Түнде қыдырған: Павлодар облысында 200-ден астам ата-ана жазаланды
Фото: pixabay.com/ TheOtherKev

Оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың алдын алу мақсатында және оларға қатысты тұрақты негізде түнгі рейдтік іс-шаралар өткізеді. Осындай рейдтер барысында, полиция қызметкерлері Бектұров көшесіндегі компьютерлік клубтардың бірінде сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған балалар заңды өкілдерінсіз жүру фактісін анықтады. 

– Көп жағдайда балалар түнгі уақытта қылмыстың құрбаны болады. Бұл ата-аналардың тиісті бақылауының болмауына байланысты. Олар балаларына түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен көшелерде заңды өкілдердің еріп жүруінсіз еркін жүруге мүмкіндік береді, – деді департаментте. 

Түнде ұсталған кәмелетке толмаған бала полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Оның жеке басы анықталғаннан кейін ата-анасына хабарланады. 

– Ағымдағы жылдың екі айында Павлодар облысы бойынша 15 ойын-сауық мекеменің иесі және 233 ата-ана балаларының түнгі уақытта қыдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді департаментте. 

Полиция ата-аналарға баланың өмірі мен қауіпсіздігі үшін өздері ғана жауап беретінін еске салады.