Жалған курьерлерден қалай қорғану керек: павлодарлықтарға арналған нұсқаулық

Жалған курьерлерден қалай қорғану керек: павлодарлықтарға арналған нұсқаулық
Иллюстрация: dribbble.com/ХоллиГуакамолли

«Қазпошта» қызметкерінің атын жамылған алаяқтар тұрғындардың қалтасын қағып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кейбір азаматтарға өзін курьермін деп таныстырған біреу 1414 нөміріне хабарлама жібереді де, банк картасының артындағы үш таңбалы кодты сұрайды. Мұндай тәсіл – қазіргі уақытта кең таралған алаяқтық әдістердің бірі. 

«Қазпошта» АҚ аймақтық филиалының мамандары бұл әрекеттер туралы шағымдардың түсетінін айтады.

– «Қазпошта» қызметкерлері ешқашан үш таңбалы қауіпсіздік кодын сұрамайды. Бізде ондай жүйе жоқ. Сәлемдеме беру кезінде тек жеке куәліктің нөмірі қажет. Курьер қоңырау шалмайды. Егер тапсырыстан хат-хабар болса, ол тек ескерту қағазын қалдырады. Облыс орталығында сәлемдемелер супермаркеттері Қамзин көшесі, 58 және Сәтбаев көшесі, 50 мекенжайларында орналасқан, – деп түсіндіреді мамандар.

Ресми хабарлама тек 1499 нөмірінен келген SMS арқылы ғана жолданады. Сәлемдеменің қайда екенін анықтау үшін Telegram-бот @KazPostBot, WhatsApp 8 700 149 90 06 немесе Kazpost мобильді қосымшасын қолданған жөн. Бұл қосымша автоматты түрде хабарлама жіберіп, сәлемдеменің келуін бірден хабарлайды.

Қызметкерлердің айтуынша, алаяқтарға көбінесе егде жастағы, сенгіш әрі цифрлық қауіпсіздік бойынша сауаты төмен азаматтар алданады. Филиалға бір күннің ішінде 20-ға дейін шағым келіп түсуі мүмкін.  Олардың көбі – шетелдік нөмірден шалынған қоңыраулар. Алайда «Қазпошта» шетелдік байланыс операторларын қолданбайды, тек EMS экспресс-жеткізілім кезінде мекенжайды нақтылау қажет болған жағдайда ғана қоңырау шалады. 

– Мұндай күмәнді қоңырауға жауап бермей, бірден тұтқаны қоюды ұсынамыз. Кейін 1499 ресми нөміріне хабарласуға кеңес береміз. Бұл – стационарлы телефоннан тегін қоңырау шалуға болатын байланыс орталығы. Өз сәлемдемеңізді интернет арқылы бақылау – ең дұрыс әрі қауіпсіз жол. Бұл ретте «Қазпоштаның» мобильді қосымшасы сенімді серігіңіз бола алады, – дейді филиал қызметкерлері.

Алаяқтың сөзіне еріп, қауіпсіздік кодын айтып қойған жағдайда тез арада банк картасын бұғаттаған жөн. Сонымен қатар, тиісті қаржы ұйымының жедел желісімен байланысу қажет.

Жалған курьерлердің көбейгені шынайы қызметкерлердің де жұмысына кедергі келтіріп отыр.

– EMS сәлемдемелер жеткізетін курьерлер қоңырау шалғанда, адамдар тұтқаны көтермейді. Көп жағдайда біздің қоңырау алаяқтық деп қабылданып, жұмысымызға кедергі көрсетеді. Бұл – жергілікті деңгейдегі қызметімізді күрделендіріп отыр, – дейді филиал өкілдері.

Облыстық полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алты айында 700-ге жуық киберқылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш мыңға жақындаған. Былтыр жүзге жуық істің беті ашылса, осы жылы бұл сан шамамен 200-ге жеткен.