Успен ауданында ашылған наубайхана нарықта бәсекелестікті күшейтті

Успен ауданында ашылған наубайхана нарықта бәсекелестікті күшейтті
Фото: жасанды интеллект

Соның нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, бағалар тұрақтанды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауданда «Ауыл аманаты» несиелеу бағдарламасы арқылы бірқатар кәсіпкерлік жобалар қолдау тапты. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және нарықта бәсекелестік қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында аудан орталығында жаңа наубайхана іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның ашылуы өнім сапасы мен сұрыпталымы кеңейіп, тұрғындарға таңдау мүмкіндігі берілді.

– Бұрын бір ғана наубайхана болғандықтан, бұл белгілі бір деңгейде монополия қалыптастыратын. Наубайхананың ашылуы бәсекелестікті күшейтіп, соның нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, бағалар тұрақтанды. Қазіргі таңда кәсіпорында сұранысқа байланысты жұмыс орындарының саны да артты, – деді аудан әкімі Нұрболат Мақашев.

Аудан тұрғындарына 12 нан түрі ұсынылып отыр. Бір бөлке бағасы 100 теңгеден 140 теңгеге дейін жетеді.

Сонымен қатар, ауданда ара шаруашылығын дамытуға бағытталған жоба іске қосылды. Бұл бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға және жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бөлек, аудан орталығында ұйғыр ас мәзірін ұсынатын жаңа кафе ашылды. Бұл жоба тұрғындар үшін қоғамдық тамақтану саласындағы өзекті мәселені шешуге ықпал етті.

– Аудан орталығында қоғамдық тамақтану нысандары жеткіліксіз болды. Жаңа кафенің ашылуы тұрғындарға да, келушілерге де қолайлы жағдай жасады, – деп атап өтті аудан басшысы. 

Бағдарлама аясында жолаушыларға қызмет көрсету пункті қайта іске қосылды. Мұнда билеттер сату, жылы күту залы, санитарлық қызметтер қарастырылған.

– Бұл нысан автовокзал жабылғаннан кейін бірнеше жыл бойы жұмыс істемей тұрды. Енді тұрғындар үшін барлық қажетті қызметтер бір жерде көрсетіледі, – деді әкім. 

Нұрболат Мақашевтің айтуынша, мемлекеттік қолдау кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, аудан экономикасының тұрақты өсуіне негіз болуда.