Успен ауданында «Беу, жігіттер» ансамблі мерейтойын атап өтті

Успен ауданында «Беу, жігіттер» ансамблі мерейтойын атап өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мәдени кешке жиналған өнерсүйер қауымның легінде шек болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданында «Беу, жігіттер» ансамблінің 40 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті.

Іс-шарада Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бәкір Демеуов құттықтау сөз сөйлеп, ансамбльдің ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен насихаттаудағы еңбегін, сондай-ақ Ертіс өңірінің мәдени өмірін дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.

«Беу, жігіттер» ансамблінің өнерпаздары ұлттық аспаптарда шебер ойнап, ән орындау арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Концерт бағдарламасына көпшілік сүйіп тыңдайтын туындылармен қатар жаңа шығармалар да енгізілді. Көрермендер белгілі әндерге қосылып айтып, ерекше әсер алды.

Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко өнер ұжымын айтулы мерейтойымен құттықтап, халық мәдениетін сақтап, дамыту жолындағы көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол ансамбльге шығармашылық табыс, шабыт және жаңа жетістіктер тіледі.

Өнер ұжымының еңбегіне құрмет ретінде облыстық мәслихат депутаттары ақшалай сертификат табыс етті. Ал Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салтанат Әлпейісова аудан әкімі Нұрболат Мақашевтың атынан құттықтау хатын табыстап, ансамбльдің таланты мен өнерге деген адалдығын жоғары бағалады.

«Беу, жігіттер» ансамблінің концерті халық музыкасының ұлттық мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мерекелік кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық өнердің бүгінгі қоғамда да өз құндылығын жоғалтпағанын көрсетті.