Жаңа жыл демалысында Павлодарда пәтер ұрлықтары қаупі артады

Жаңа жыл демалысында Павлодарда пәтер ұрлықтары қаупі артады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғын үйлерді қараусыз қалдыру жағдайлары жиілейтіндіктен, құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осыған байланысты облыстық полиция департаменті тұрғындарға жеке мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар сақтық шараларын сақтауды ұсынады. 

Үйден шығар алдында кіреберіс есіктердің, терезелер мен балкондардың толық жабылғанын тексеріп, есіктерді екі немесе одан да көп құлыппен бекіту қажет. Кілттерді оңай қолжетімді жерде қалдырмау ұсынылады, – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлер мен төменгі қабаттарда орналасқан пәтерлердің терезелері мен балкондарын темір торлармен немесе арнайы қорғаныс құлыптарымен жабдықтаған жөн. Мүмкіндік болған жағдайда күзет дабылқаққышын және бейнебақылау камераларын орнату мүліктің сақталуын арттыра түседі. 

Сондай-ақ ірі көлемдегі ақша қаражаттары мен бағалы заттарды көзге түсетін немесе оңай қолжетімді жерлерде сақтамай, сейфтерді немесе металл шкафтарды пайдаланған дұрыс. Күдікті тұлғаларға назар аудару да маңызды, – делінген хабарламада.

Күдікті адамдарды байқаған жағдайда немесе пәтерге заңсыз кіру белгілері анықталған кезде, азаматтардан дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу сұралады.