Жаппай улану: Екібастұздық мейрамханаға сот алты миллион теңгеге талап қойды

Жаппай улану: Екібастұздық мейрамханаға сот алты миллион теңгеге талап қойды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мерекелік іс-шарадан кейін 94 адам зардап шеккен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қонақтардың бір бөлігі ауруханаға түскен жиын сәуір айында өтті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Ақылбекованың мәліметінше, мереке Екібастұз мейрамханаларының бірінің екі банкет залында болған.

– 94 адам зардап шекті, олардың бір бөлігіне сальмонеллез диагнозы қойылды. Мейрамханада санитарлық дәрігерлер бұзушылықтарды, соның ішінде нысанның санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының, қызметкерлердің медициналық кітаптарының жоқтығын анықтады. Мекеме қызметкерлерінің арасында сальмонеллез тасымалдаушылары болды, – деді Гүлнәр Ақылбекова.

Аталған факт орын алғаннан кейін мейрамхана өз жұмысын тоқтатты. Бірақ,  мекеме маусым айында барлық ескертулерді жойғаннан кейін және СЭС қорытындысы алынғаннан кейін қайта ашылды.

Мейрамханада уланған меймандар оның басшылығына шағымданып, материалдық және моральдік зиянды өтеуді талап еткен. Жауап күтпестен, олар сотқа азаматтық талап арыз берді.

– Адамдар ауруханада болған кезде жалақыларынан айырылды. Стационарда емделді, содан кейін амбулаториялық ем алды, дәрі-дәрмек сатып алды. Сотта олардың мүдделерін білдіру үшін бізге 16 тұтынушы жүгінді. Зардап шеккендер алты миллион теңгеге екі тармақ бойынша ұжымдық талап арыз берді, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.

Еске сала кетейік, науқастардың 59-на сальмонеллез диагнозы қойылса, қалғандарынан жедел ішек инфекциясы және ас қорыту жүйесінің функционалдық бұзылыстары анықталды. Жаппай улану фактісі бойынша Екібастұз полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының бірінші бөлігі – «санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізеді.