Жасырын ауру: Павлодарлықтарға құмар ойынына тәуелділіктен арылу бойынша кеңестер берілді
Лудомандардың орташа жасы – 25-30 деп саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының жетекшісі Серік Муслимов мәлім етті.
– Дүние жүзіндегі құмар ойындарға тәуелділік статистикасына сәйкес, халықтың шамамен 26% немесе 1,6 миллиард адам құмар ойынын ойнайды. Қазақстандағы 10 жұптың жетеуі соның салдарынан айырылысады. Лудомандар әрекеттерін басқара алмай, ойынмен өмір сүре бастайды, – деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, құмар ойындарына тәуелділікті кейде «жасырын ауру» деп атайды, өйткені оның есірткіге немесе алкогольге тәуелділік сияқты айқын физикалық белгілері жоқ.
– Ата-аналар балаларының мінез-құлқын бақылау керек. Егер, ол ашушаң, үйден жиі кетіп тұрса, ақша ұрласа, оған міндетті түрде назар аудару керек. Бұл бала шақтан бастау алуы мүмкін, себебі балалар жарнамаға қызығып, ойындарға құмар болады. Жұмыспен қамтылған азаматтардың оған уақыты жетпейді, ал уақыты бос тұрғындар ойынға тез ауытқып кетеді. Ең алдымен адам өзі лудоман екенін түсіну қажет, – деді Серік Муслимов.
Бәсекеге қабілеттілік, импульсивтілік және алаңдаушылық сияқты белгілі бір тұлғалық сипаттамалар да құмар ойындарға тәуелділіктің жоғарылауына ықпал етуі мүмкін. Отбасында құмар ойындарға қатысты проблемалары бар адамдар да мұндай әрекетке жиі барады.
– Басында 200, 500 теңгеге бәс тігіп, нәтижесінде қалың қарызға бататын адамдар көп. Тіпті, туыстардың депозитінен ақша шешіп, ойынға құятын жағдайлар да бар,– деп атап өтті спикер.
Серік Муслимовтың айтуынша, лудомандармен әңгіме жүргізіп, қолдау көрсетіп, ең қиын кезеңде психолог мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес беріледі.