Железин ауданындағы тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 40 жыл толды

Железин ауданындағы тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 40 жыл толды
Суретті музей ұсынды

1985 жылы мамыр айында Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында мұражайдың есігі алғаш рет ашылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Музейдің ауласында ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 40 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті.

Шарада музейдің дамуына үлес қосқан барлық жандарға құрмет көрсетілді. Қонақтарға арналған тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, көрсетілімдер ұсынылды.

–  Музей ашылған кезде балалар қарттардың, майдангерлердің және тыл еңбеккерлерінің әңгімелерін жазып алып, ескі шаруа өмірінің заттарын жинаған, азамат соғысы болған жерлерден ескі патрондар мен снарядтардың сынықтарын, жағалаудағы таяз жерлерден қызықты қиыршық тастар мен сүйектерді іздеп тапқан. Мұның бәрі мұражайдың өлкетану көрмесінің негізін қалады, – дейді мұражайдың директоры Алтын Кәрімова.

Музейде жалпы 6334, негізгі қорда 4513 жәдігер сақталған. Онда ежелгі жануарлардың қалдықтары – мамонт тістері, бизон маңдайынан құралған археология палеонтология залы бар. Железин бекінісінің аумағынан табылған жәдігерлер де арнайы орын алған. Қазақ халқының көне киімдері, шапан, көйлек, ыдыс – аяқтары, Құран Кәрім кітаптары, ауданның тумасы Құдайберген Әлсейітовтің жиналған құжаттары сақталған залдар да бар.

Әскери даңк залында жерлес батырларының хаттары, чемодандары, наградалары сақталған. Сонымен қатар, халықаралық экспедицияларда табылған Ұлы Отан Соғысына қатысқан батырлардың көрмесінде дулыға, тапанша қабы, дегтярев пулемет белбеуі сақтаулы.

Қазіргі заман залында әйгілі жерлестері туралы ақпарат және олардың жәдігерлері, ауданның қолөнерші және жергілікті суретшілердің жұмыстары қойылған.

Айта кетейік, музейде облыстың құрметті азаматтары, еңбек, полиция ардагерлері, ауған жауынгерлері бар мұражай кеңесі жұмыс істейді.