Железин ауданында екі елікті атқан тұрғынға үкім шықты
Ол мемлекетке миллиондаған теңге шығын келтірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық сотта қару қолдану арқылы заңсыз аңшылық жасаған азамат Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу барысында анықталғандай, 2025 жылдың қараша айында сотталушы қайыңды баурайда екі елікті байқап, төрт рет оқ жаудырған. Аңдар сол жерде тіл тартпай кеткен.
Қылмысын жасырмақ болған ол қасындағы серіктеріне «рұқсат қағазым бар» деп өтірік айтып, өлекселерді танысының көлігіне тиеткен. Алайда бұл әрекеті «Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына» 2 949 000 теңге көлемінде ірі материалдық залал келтірді.
Сот отырысында Д. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Ол келтірілген шығынды толық өтеген. Сот үкім шығару кезінде айыпталушының шын жүректен өкінуін, асырауында кәмелетке толмаған балаларының барын және залалдың өз еркімен өтелгенін жеңілдетуші мән-жайлар ретінде ескерді.
Сот шешімімен азамат Д. кінәлі деп танылып, оған бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол екі жыл бойы аңшылықпен айналыса алмайды, ал қылмыс құралы болған «ТОЗ-34 ЕР» маркалы мылтығы мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енді.