Железинде егістік алқаптары әртараптандырылып, майлы дақыл көлемі артты

Железинде егістік алқаптары әртараптандырылып, майлы дақыл көлемі артты
Фото: Константин Шелков

Ауданда егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, Железин ауданында биылғы егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету бойынша да қажетті жұмыстар атқарылған. Жалпы егістік және ору науқанына 188 бірлік техника тартылған. Қазіргі таңда 23 механикаландырылған қырман жұмыс істеп тұр, 18 кептіру қондырғысы орнатылған.

Биыл жыл басынан бері аудан шаруашылықтары 15 жаңа комбайн, 25 трактор, сегіз кептіру қондырғысы және алты егіс кешенін сатып алған. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесінде де тәуекел жоқ, қажетті өтінімдер толық берілген.

– Мал азығын дайындау жұмыстары да аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда қажетті мал азығының 90 пайызы жиналды. Қырдың шөбі толық тасылды, қазіргі уақытта тоғайдан шөп шабу жұмыстары жалғасуда. Қысқы кезеңге қажетті мал азығын дайындау бойынша қауіп жоқ, – дейді аудан басшысы. 

Ауданда суармалы жер көлемі де ұлғайып келеді. Қазіргі таңда оның жалпы көлемі 11 200 гектарды құрайды. Биыл 400 гектар суармалы жер іске қосылса, келесі жылы тағы 800 гектарды іске қосу жоспарланған.

Суармалы алқаптарда негізінен мал азықтық дақылдар өсіріледі. Сонымен қатар, картоп пен сәбіз егіледі. «Пахарь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күнбағыс пен жүгеріні де суармалы жерлерге орналастырып отыр.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыста егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстарының оң бағытта жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Железин ауданында да егістік құрылымындағы көрсеткіштер шамамен 50/50 деңгейіне жақындаған.

Майлы дақылдардың алқабы биыл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 мың гектарға ұлғайған. Аймақ басшысының айтуынша, соңғы уақытта майлы дақылдарға сұраныс артып келеді. Бұған өңірде май өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі де әсер етуде. Қазіргі таңда облыста бес май зауыты салынып, оның үшеуі жұмысын бастаған.

«Үсембаев» шаруа қожалығының басшысы Бижан Үсембаевтың айтуынша, соңғы үш жылда майлы дақылдарға сұраныс айтарлықтай өскен.

– Майлы дақылдар биылғы құрғақшылық жағдайында өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр. Кеше егістік алқабын қарап шықтық. Төрт-бес күннен кейін жинауға дайын болады, комбайндар дайын тұр. Дәл осы алқапта майлы дақылдардан 300 гектар бар, – деді Бижан Үсембаев.

Шаруашылықта отандық «Бәйтерек» тұқымы пайдаланылады. Тұқым жыл сайын Майлы дақылды тәжірибе станциясынан алынады. Шаруашылық басшысының сөзінше, бұл тұқым қуаңшылық пен құрғақшылыққа төзімді және қолайсыз ауа райы жағдайында да өнім беруге қабілетті.

Егістікте тыңайтқыштар қолданылып, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» арқылы екі жаңа комбайн сатып алған.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін ғылыми тәсілдерге сүйенудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ауа райының құбылмалы сипаты шаруаларды жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүрлеп отыр.

Асайын Байханов ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұқым таңдау, агротехникалық мерзімдерді сақтау және егіс жұмыстарын жүргізу уақытын қайта қараудың өзекті екенін атап өтті. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, шаруашылықтарды аралап, мәселелерді жергілікті жерде талқылау жоспарланып отыр.

Облыс әкімі кейбір шаруашылықтардың қолайсыз ауа райына қарамастан жоғары өнім алып отырғанын атап өтіп, мұнда олардың тәжірибесінің маңызы зор екенін айтты.

Жалпы, ауданда дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын осы аптада аяқтау жоспарланып отыр. Малазықтық дақылдарды жинау да жалғасуда. Сүрлемге арналған жүгері жиналып жатыр, бұл бағыттағы жоспардың 70 пайыздан астамы орындалған.