«Жеңісімді екі ұлыма арнаймын»: Баянауылдық спортшы түйе балуан атанды

«Жеңісімді екі ұлыма арнаймын»: Баянауылдық спортшы түйе балуан атанды
Фото: @ulttyq.sport.klub.pvl

Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасында ҚР чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде болған бәсекеге Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, 17 облыстан келген 450-ден астам балуан қатысты.

Қайырбаев атындағы спорттың ұлттық түрлері бойынша спорт клубының спортшылары Алтынай Нұрханова 52 келі салмақ дәрежесінде екінші орынды иеленсе, Мұхтар Далелханұлы «түйе балуан» атанды.

– Эмоция деген тамаша. Өте қуаныштымын. Осы күнге қанша дайындалдым, қанша жылдар өтті. Мені қолдаған барлық бапкерлеріме, туған жеріме, ата-анама үлкен алғысымды айтамын,– деді Мұхтар Дәлелханұлы. – Бұйрыса 20 жылдан кейін ел чемпионатында топ жарсын деген оймен осы жеңісімді екі ұлым – Әбілмансұр мен Сардарға арнайымын.

Сондай-ақ, жарысқа облыс намысын арқалап барған спортшылардың бірі – Марғұлан университетінің студенті Алтынай Нұрханова. Ол жоғары дайындықтың нәтижесінде қарсыластарының барлығынан басым түсіп, тек финалдық белдесуде жол берді. Айта кетейік, Алтынай Нұрханова биылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдесін жеңіп алған болатын.