ЖИ мен ауылдың келешегі: Павлодар ауданында маңызды кездесу өтті

Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының Новочерноярка ауылындағы мәдениет үйінде Мемлекет басшысының цифрландыру және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне арналған Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті.
Кездесудің модераторы облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова болды. Ол өз сөзінде Президент Жолдауы өңірлердің даму бағыттарын айқындап, цифрлық трансформация мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолында стратегиялық бағдар беретінін атап өтті.
Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің басым бөлігі тұрақты түрде оң динамиканы көрсетуде екенін тілге тиек етті. Оның ішінде білім беру саласын ерекше атап өтті.
– Ауданда 27 мектеп, 30 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оларда бес мыңнан астам бала білім мен тәрбие алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және облыс әкімінің жеке басшылығымен биыл Бірлік ауылында жаңа 120 орындық заманауи және барлық талаптарына сай мектеп ашылды. Мичурин және Розовка жалпы орта білім беретін мектептері күрделі жөндеуден өтті, – деді аудан басшысы.
Педагогтар атынан сөз алған Бірлік ауылының мектебінің директоры Көлтай Қалелхан жасанды интеллект технологияларын енгізу мұғалімдердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп жатқанын айтты.
Жастар атынан Түркістан университетінің түлегі, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша туған ауылына оралған Серікбол Болатхан сөз сөйледі. Ол өзінің мәдениет саласындағы қызметі мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысу сияқты қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы туралы баяндады.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде Жолдаудың стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар Қазақстанның болашағы әрбір азаматтың елді жаңғырту мен цифрлық трансформация үдерістеріне белсенді қатысуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Фото: Захар Шишко