Жылжымалы медициналық пойыз Павлодар облысының ауылдарын аралауды жалғастыруда

Жылжымалы медициналық пойыз Павлодар облысының ауылдарын аралауды жалғастыруда
Константин Шелковтың фотосы

Дәл қазір «Саламатты Қазақстан» пойызы Май ауданының Көктөбе ауылында тоқтап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, пойызға келетін тұрғындар саны күн сайын әртүрлі. Әсіресе демалыс күндері халықтың қарасы көбейіп, бір күннің ішінде пойыздағы ақ халатты мамандар 380-нен астам адамға қызмет көрсеткен. Орта есеппен алғанда, үлкен ауылдарда күніне кем дегенде 300 адам, ал шағын елді мекендерде сәл аздау қабылданады.

Әрбір науқастың жағдайына байланысты уақыт та әрқалай бөлінеді: қарапайым талдау тапсырып, кеңес алатындарға 10–15 минут жеткілікті болса, диагнозы күрделі немесе шағымы түсініксіз науқастарға дәрігерлер көбірек уақыт бөледі.

Павлодар облысында аса ауыр дертпен келген адамдар тіркелген жоқ. Көбінесе жүрек-қан тамырлары аурулары, жоғары қан қысымы, гемоглобиннің төмендеуі, бронхит пен астманың бастапқы белгілері жиі кездеседі.

– Зауытта істейтін адамдар арасында тыныс жолдары аурулары көп байқалады, – дейді пойыздың аға дәрігері Елнұр Маханов.

Медицина пойызы қазір Май ауданына қарасты Көктөбе ауылында. Мұнда екі күн аялдап, тұрғындарды қабылдайды. Кейіннен құрам Май ауданының Жұмыскер ауылына жол тартады.

– Біздің басты мақсатымыз – шалғай ауыл тұрғындарына қолжетімді, тегін медициналық қызмет көрсету. Әр адам денсаулығын дер кезінде тексеріп, қажетті ем-шарасын алуы үшін осындай жобалардың маңызы зор, – дейді аға дәрігер.

Жылжымалы медициналық пойыз – ауыл халқына жасалған үлкен мүмкіндік. Әсіресе қалаға баруға уақыты немесе мүмкіндігі жоқ адамдар үшін бұл жоба – шынайы көмек. Тұрғындар өз денсаулығын тексертіп қана қоймай, мамандардан кәсіби кеңес алып, қажет жағдайда ары қарайғы емдеу курсына жолдама алады.

Еске сала кетейік, бригада құрамында 15-тен астам бағыт бойынша дәрігерлер жұмыс істейді, оның ішінде: терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, офтальмолог, тіс дәрігері, кардиолог, гинеколог, психолог, отоларинголог, ультрадыбыстық маман, рентгенолог.