Жылқы шаруашылығындағы мәселелерді Павлодар облысының сала мамандары талқылады

Жылқы шаруашылығындағы мәселелерді Павлодар облысының сала мамандары талқылады

Торайғыр ауылында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен асыл тұқымды жылқылардың көрмесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында «Қазақстанда және басқа да іргелес мемлекеттерде жылқы шаруашылығының жағдайы мен дамуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, сондай-ақ, асыл тұқымды жылқылардың көрмесі өтті. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытайдың ипполог-мамандары Қазақстандағы жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайын талқыға салды.

Форумды ашқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қазақтар үшін ерекше маңызы бар жылқы шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

- Бұл біздің халқымыздың генетикалық кодының бір бөлшегі. Жылқы ұстау біздің қанымызда бар, - деді облыс әкімі.

Асайын Байханов облыстағы жылқы санының 250 мың басқа дейін өскенін атап өтті. Бұл ретте Баянауыл, Май аудандарында және Екібастұздың ауылдық аймағында жылқы басының 50%-дан астамы шоғырланған. Сонымен қатар, өңір басшысы бірлескен шешімді талап ететін жылқы шаруашылығындағы мәселелерді атап өтті.

- Асыл тұқымды мал басының пайызы 5,6% құрайды. Саланың қарқынды өсуі мен дамуы үшін аналық мал басын 60%-ға дейін жеткізу қажет. Өнімдер негізінен ішкі нарықта сатылады, бие сүтін өндіруге қолданыстағы субсидиялау нормативін литріне 60 теңгеден 200 теңгеге дейін ұлғайту қажет.

Табыншылар, бордақылау алаңдары жетіспейді, селекция әлсіз, - өңір басшысы бірыңғай іс-қимыл стратегиясын әзірлеуді талқылау үшін саланың жиналып қалған түйткілді мәселелерін көтеріп, қатысушыларға ашық диалог үшін алғысын білдірді.
Конференцияда өнімділігі әртүрлі бағыттағы жылқыларды іріктеу, жануарлардың генетикалық ресурстары, ат спортын дамыту мәселелері талқыланды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов табынды жылқы шаруашылығын дамытудағы жекелеген түйінді мәселелердің шешу жолдарын айтты. Қытай Халық Республикасындағы жылқы шаруашылығының жай-күйі мен даму перспективаларымен ҚХР Тарын университетінің профессоры Гіміңгүл Мұқатайқызы бөлісті. Чуваш мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры, ғылым докторы Владимир Семенов ауыр жүкті тұқымды биелердің сүт өнімділігінің биопотенциалын жүзеге асыруды талқылады. Моңғолияның жылқы шаруашылығының жағдайы жайлы Сайполда Тоқторбай баяндады.

«Торайғыров университеті» КЕАҚ профессоры, Павлодар облысының жылқы өсірушілер қауымдастығының төрағасы Төлеген Асанбаев «Новоалтай жылқы тұқымының айғырларымен жергілікті қазақ биелерін будандастыру арқылы ет-сүт өнімділігін арттыру» жылқы тұқымының зауыттық түрін шығару туралы жобаны ортаға салды.

Конференция соңында үздік жылқы өсірушілер мен конференцияға қатысушылар I, II, III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ, Павлодар облысының жылқы өсірушілер қауымдастығының кубоктарымен марапатталды.

Қатысушылардың пікірінше, ғылыми-тәжірибелік конференция пікірлестердің бір-бірімен пікір алмасулары үшін тамаша алаң болды.

Суреттерді түсірген Әлібек Дженалинов