ЖКО, үсік шалу: мерекелік демалыс күндері Павлодар 103 қызметі қалай жұмыс істеді

Жедел жәрдем қызметіне 21 наурыздан 25 наурызға дейін орташа есеппен түскен шақырулар саны 30 пайызға өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
21 наурызда Павлодарда Академик Шөкин мен Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында екі көлік соқтығысты. 59 жастағы ер адам мен 52 жастағы әйелге көмек көрсетіліп, олар №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.
Дәл осындай оқиға 23 наурыз күні Малайсары батыр және Елгин көшелерінің қиылысында орын алды. Соқтығыс салдарынан екі адам зардап шекті. Павлодар қалалық №3 ауруханасына 1984 жылы туған әйел іш жарақатымен жеткізілсе, 1979 жылғы ер адам тізе буыны көгерген жарақатымен Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді.
– 103 жедел жәрдем қызметі шақырулардан бөлек мереке күндері облыс көлемінде өткен түрлі іс-шараларда да кезекшілікте болды, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Сонымен қатар Наурыз мерекесіне орай мәнерлеп сырғанаудан республикалық турнир, хоккейден Қазақстан чемпионаты және мәдени шараларда кезекшілік қызметін атқарды. Павлодарда 22 наурызда вегето-тамыр дистониясымен ауыратын балалардан екі шақыру түсті. Оған қоса, Ефремовка ауылында иық буыны шығып кеткен 2008 жылы туған жасөспірімге көмек көрсетелді.
Сондай-ақ, 24 наурызда Усолка шағын ауданында квадроциклден құлаған 21 жастағы жас жігіт жарақат алған. Жедел жәрдем қызметкерлері бел омыртқасы зақымданған жігітке алғашқы көмек көрсетіп, №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізген.
Ал 25 наурызда Павлодарда ауа райына байланысты белгіленген тұрғылықты үйі жоқ 65 жастағы ер адамның екі саусағын бірінші дәрежелі үсік шалған. Ол №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.