Ішімдік ішкен: Павлодар облысында жұмыстан босатылған әкім қайта сайланды
Оған 150-ден астам адам дауыс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық сайлау комиссиясы Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауыл әкімін сайлаудың қорытындысын шығарды. Жаңа әкімді сайлауға 177 адам қатысқан, үшеуі ешбір әкімге дауыс бергісі келмеген.
Сайлауға үш үміткер қатысты. Олар – кент әкімдігінің бас маманы Роза Мұқашева, қалалық №5 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманжан Сұлтанов және жеке кәсіпкер Бауыржан Бозтаев.
Бауыржан Бозтаев бұл қызметке 30 қаңтарда тікелей дауыс беру арқылы сайланған болатын. Бірақ наурыздың 15-і күні әкім суық тигеннен соң ішімдік ішкен. Бұл жағдай назардан тыс қалған жоқ. Болған жайт туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жеткен. Облыстың әдеп жөніндегі уәкілі оқиға орнына барып, медициналық тексеруден өткізген соң ақпаратты растады.
Әдеп жөніндегі кеңесте Бауыржан Бозтаевты қызметінен босату ұсынылды. Оны қорғау үшін ауыл тұрғындары кеңес мүшелеріне үндеу жазып, оған қатысты жұмсақ шешім шығаруды сұраған, алайда еш нәтиже шықпаған.
Нәтижесінде 47 жастағы Бауыржан Бозтаев тағы да Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылға басшы болып сайланды. Бұрынғы әкімі 170-тен астам дауыстың 101-ін жинап, жеңіске жеткен.