Қару айналымы: Павлодарда дүкендер, күзет агенттіктері тексерілді
4-6 қазан аралығында өңірде «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шараның негізгі мақсаты – атыс қаруын, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу және ашу. Сондай-ақ полицейлер заңсыз сақталған атыс қаруын алу жұмыстарын жүргізуде.
– Қару айналымы саласында 16 заңды тұлға – дүкендер, күзет агенттіктері тексерілді. Айналым ережелерін бұзғаны үшін 79 тіркелген қару тәркіленді. Барлық құқық бұзушылар мамандандырылған оқу орталықтарына қайта даярлауға жіберілді, – деді департаментте.
Профилактикалық іс-шараны өткізудің екі күнінде 287 рейдтік іс-шара өткізілді, 171 шаруа қожалығы мен шалғай учаскелер тексерілді. Нәтижесінде заңсыз айналымнан екі бірлік қару алынды: тегіс ұңғылы мылтық және газ. Тұрғылықты жері бойынша 1179 жеке қару иесі тексерілді, 72 жағдайда бұзушылықтар анықталды, бұл әкімшілік іс жүргізу шеңберінде айыппұл салуға себеп болды.
Азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 484-бабы бойынша 48 хаттама толтырылды. Азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін не оны есепке қою тәртібін бұзғаны үшін 24 иесі ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы бойынша жауапқа тартылды.