Қазақстан су тасқынымен күрес бойынша нәтижелерді жариялады
Осы жылғы су тасқыны елімізде соңғы 80 жылда орын алған ең ірі апат болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, мыңдаған адам баспанасыз қалды, апат салдарынан қираған инфрақұрылым ауқымды қалпына келтіру жұмыстарын қажет етті. Алайда, мемлекеттік құрылымдар, гуманитарлық ұйымдар мен жеке сектор арасындағы нақты үйлестіру мен үйлестірілген жұмыс нәтижесінде Үкімет апаттың салдарын барынша азайтып, зардап шеккендерге жедел көмек көрсете алды.
Үкімет тарапынан су тасқыны салдарынан мүлкі зақымданған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өңірлерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 миллиард теңге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 миллиард теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді. Биыл төтенше жағдай жарияланған су басқан аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек төлеу отбасылардың материалдық жағдайын жергілікті комиссияның тексеруінсіз автоматты түрде ІІІ тоқсанға ұзартылды. Мұндай шешім нәтижесінде 3,6 мың отбасына 655,7 миллион теңге көлеміндегі АӘК төлемі тағайындалды.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 су басқан үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. Жөндеу жұмыстары 9 156 үйде 100% аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 миллиард теңгеге халық үшін 2 680 жеке тұрғын үй салынды.
Биыл Үкімет резервінен 42,5 миллиард теңге бөлінді. Оның 400 миллион теңгесі зардап шеккен отбасыларға Қостанай облысының Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алуға бағытталды. 1,4 миллиард теңге – Қостанай облысының Арқалық қаласындағы, Амангелді және Жангелді аудандарындағы «Қостанайюжэлектросервис» КМК электр желілерін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге; 1,1 миллиард теңге – Батыс Қазақстан облысындағы жоғары вольтты электр желілерін күрделі жөндеуге; 22,7 миллиард теңге – Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалды.
Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында білім беру нысандарын салуға және жөндеу жұмыстарына – 7,5 миллиард теңге; Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға – 2,9 миллиард теңге, атап айтқанда, Универсальная көшесі бойында «РТЖ» ААҚ темір жолдары арқылы өтетін автожол өткелін салуға бөлінді. 600 миллион теңге – Ақмола облысында 7 сумен жабдықтау нысанын жөндеуге, 5,9 миллиард теңге – Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге бағытталды.
ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 миллиард теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығын өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 миллиард теңгеге 734 кәсіпкерлік өтінімді мақұлдады.
Мал шығыны үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмек көлемі 2,8 миллиард теңгеден асты.
Апаттан құтқару жұмыстарына 63 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды.
Су тасқыны нәтижесінде еліміздің көп бөлігі табиғи апатқа ұшырады, оның ауқымын болжау мүмкін емес еді. Жүзден астам елді мекеннің тыныс-тіршілігіне нұқсан келді. Ең қиын жағдай республиканың батыс аймақтарында және солтүстік бөлігінде болды, онда су тасқыны екі кезеңде өтті.
Су тасқыны кезеңінде 120 мыңнан астам азамат құтқарылып, уақытша орналастыру пункттеріне жайғастырылды, оларға барлық қажетті көмек көрсетілді.
Су басқан аймақтарға құқық тәртібін қамтамасыз ету және санитарлық-профилактикалық, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу үшін қосымша күштер жіберілді.
Көлік қатынасынсыз қалған Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерін азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін алғаш рет қалқыма көпірлер қолданылды.
Барлығы 35 миллион текше метрден астам су сорылды, мың шақырымға жуық уақытша қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды, 7,5 мың шақырымға жуық арықтар мен каналдар тазартылды, 8 миллионнан астам қапшықтар төселді.
Жалпы, апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар, қорғаныс, ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің күштері мен құралдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен бей-жай қарамайтын азаматтар жұмылдырылды.
Күштер мен құралдардың жалпы топтамасы 63 мыңнан астам адамды, шамамен 7 мың техниканы, 1 мыңнан астам су айдау құрылғыларын, 418 жүзу құралдарын және 38 әуе кемелерін құрады.
Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің барлық деңгейлерін үйлестіру мен өзара іс-қимылдың арқасында апаттың ауқымының таралуына жол берілмеді және бес жүзден астам елді мекен су тасқынынан қорғалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ТЖМ жанынан бақылау функциялары берілген Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды.
Экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын су қоймаларында 12 миллиард текше метрден астам су жиналды. Мысалы, егер өткен жылы су қоймаларынан жалпы су жіберу бүкіл су тасқыны кезеңінде шамамен 13 миллиард текше метрден құраса, биыл бір айда су қоймаларынан жалпы су жіберу 36 миллиард текше метрден астам көлемді құрады.
Бұл ретте республиканың су шаруашылығы құрылыстары ең жоғары шиеленісті кезеңде суды қабылдауды және қауіпсіз ағызып жіберуді қамтамасыз етті, бұл тасқын суларды соңғы жылдары тапшылық туындаған су нысандарына жіберуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ су тасқыны экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді, тасқын суды көптен бері су бармаған жерлерге бағыттады. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 миллион текше метрден тасқын су жетті.
Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 миллион текше метр су жіберілді. Соның арқасында, су жолын қадағалау тарихында алғаш рет Сарысу өзені арқылы су Қызылорда облысының көл жүйелеріне жетті.
Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 миллиард текше метр су, оның ішінде 3,3 миллиард текше метр су тасқыны кезінде жіберілді, Каспий теңізіне – 7,4 миллиард текше метр.
Болашақта тасқын суды жинауды және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін көлемі 2,6 миллиард текше метр болатын 42 жаңа су қоймасын салу, жалпы жобалық көлемі 3,7 миллиард текше метр болатын 37 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ шамамен 14,5 мың шақырым болатын ирригациялық каналдарды салу және реконструкциялау жоспарлануда. Бұл іс-шаралар Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген.
580 мыңнан астам тұрғыны бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зардап шеккен нысандарды салуға, реконструкциялауға, қалпына келтіруге және қорғаныс бөгеттерін нығайтуға бағытталған 56 жобаның тізбесі анықталды.
Қазақстандық әуе компаниялары биылғы 11-20 сәуір аралығында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларындағы бағыттар бойынша Атырау қаласынан жалпы сыйымдылығы 14,2 мыңнан астам орындық 76 қосымша рейсті орындады.
Сондай-ақ әуе тасымалдаушылармен 1,1 млрд теңге гуманитарлық көмек бөлініп, 100 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды.
Поездардың үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 45 шаюға қарсы пойыздар құрылып 83 су қоймалары мен бөгеттерге тұрақты мониторинг ұйымдастырылды.
Көпірлердің, құбырлардың, дренажды құдықтардың саңылауларын қардан, мұздан және қоқыстан тазарту, таулы және су бұру арықтарын, науалар мен жыраларды ашу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Халықты эвакуациялау кезеңінде 30 мың жолаушы тасымалданды. 1,1 мың бірлік ауыр техниканы тасымалдау үшін 700 бірлік теміржол платформасы тегін негізде бөлінді.
Қапшағай станциясынан Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына қалқыма (құрама) көпірлер жеткізілді.
Бұдан басқа, зардап шеккен өңірлерге 10 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек (ауыз су, азық-түлік, матрастар, гигиена заттары, сондай-ақ апаттан құтқару жұмыстарына арналған қиыршық тас және кесек тас) жеткізілді.
Су тасқыны салдарынан республикалық жолдар бойынша 122 учаскедегі жол жиектері мен жол төсемі шайылып кеткен болатын.
Қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру толық көлемде қарастырылды және нәтижесінде барлық көлік байланыстары қалпына келтірілді.