Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті

Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ішкі істер министрлігінің аясында Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңестің басты мақсаты – елде есірткіге тәуелділікті және заңсыз есірткі айналымын алдын алу бойынша іс-шараларды күшейту. Ұйым құрамында азаматтық қоғам өкілдері бар. Бұл олардың алдын алу іс-шараларына белсенді қатысуына мүмкіндік береді, сондай-ақ мәселенің өңірлерде шешілуіне септігін тигізеді. Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіру үлкен маңызға ие. Ішкі істер министрлігі жанынан құралған Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өтті.

– Отырыста кеңестің жұмыс жоспары, сондай-ақ өңірлерде ұқсас кеңестерді құру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл жергілікті жерлерде күш пен құралдарды тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Жұмыс бағыты айқындалып, есірткі қылмыстарының алдын алу және жас ұрпақты есірткі ортасына тарту факторларын болдырмау бойынша шаралар нақтыланды, – деп атап өтті ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті басқарма бастығының орынбасары Сергей Ильиных. 

Жалпы кеңестің жұмысы профилактиканы жүргізумен қатар, оған қоғам мен мемлекеттік органдардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. 

2025 жылдың қаңтар айында полиция 700-ден астам есірткі құқық бұзушылығын анықтады, есірткі жарнамасы бар 1257 есірткі сайттары бұғатталды, оның ішінде 15 дроп-карт бар. Сонымен қатар есірткі туралы ақпарат тарататын 76 арна мен боттар жойылды. Бір ай ішінде 800 кг-нан астам есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 29 кг синтетика және 5 тонна прекурсор бар.