Қазақ тілі шетелде: Павлодарда оқушылар ана тіліне деген құрметін көрсетті

Қазақ тілі шетелде: Павлодарда оқушылар ана тіліне деген құрметін көрсетті
фото: автор

Шетелдік қазақтар екі күн бойы қазақ тілі мен әдебиетінен білімдерін сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазақ диаспорасы балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім ана тілім» атты халықаралық олимпиадасы 9-11-сынып оқушыларын арасында өтті.

Зияткерлік сайыстың негізін қалаушылардың бірі – журналист Сүлеймен Мәмет 1996 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік қазақтарды қолдау мақсатында арнайы шешім қабылданғанын еске алады. Ол кезде көптеген қандастар тарихи Отанына оралып жатты. 

– Бұл олимпиада – шетелде тұратын отандастарымызға рухани көпір бола білген мәдени-ағартушылық бастама. 22 жыл ішінде ғылым докторлары, мұғалімдер, дипломаттардың бірнеше ұрпағы өсіп-жетілді. Олар халықтар достығына қызмет етіп жүр. Жыл сайын балалардың білім деңгейі мен ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілігі мені тәнті етеді. Биыл қатысушылардың бірі әжесінің сәлемін жеткізіп, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындады. Эссе жазу кезінде жастар ең алдымен ата жұрты – Қазақстанға деген махаббатын білдіреді, – дейді Сүлеймен Мәмет.

Қатысушы елдерден келген әр команда 14 пен 18 жас аралығындағы сегіз оқушыдан тұрады. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазу, «Тарихи таным» тақырыбындағы зерттеу жобаларын қорғау және «Ұлтымды сүйемін» тақырыбындағы көркем презентация әзірледі. Соңғысы музыкалық, поэтикалық немесе театрландырылған қойылым түрінде ұсынылды.

Биыл XXII халықаралық олимпиадаға Қытай, Моңғолия, Түркменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 60-тан астам оқушы қатысты.

Бішкектен келген Аружан Абуләзиз қазақ тілі мен қырғыз тілінің ұқсастығына қарамастан, қазақ тіліне деген қызығушылығы бәсеңдемейтінін айтты.

– Эссе кезеңінде маған «Сүйікті қалам» тақырыбы түсті. Мен Бішкек пен Алматы туралы жаздым. Бұл қалалар жаныма жақын. Қазақ тілін үйде ғана үйренемін, отбасымыз түгелдей осы тілде сөйлейді. Анам, әкем және әжем көп көмектеседі. Павлодарға алғаш келдім. Қайықпен серуендеп, жағалауды аралап, «Достық үйіне» бардық, – дейді Аружан.

Ташкент облысы Бостандық ауданынан келген делегация құрамында Гүлсевар Сафарғалиева да болды. Ол бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып, биыл бірінші орынды жеңіп алды.

– Менің арғы аталарым Қазақстанда туған. Ал өзбекше есімімді әкемнің досы қойған. Мектепте қазақ тілі пәні бар. Олимпиадаға бірнеше ай дайындалдық. Өлең жаттап, әдеби шығармаларды оқыдық. Осы әсем тіл арқылы мен көшпенділер тарихына, мәдениетіне жақын болғым келеді. Сонымен бірге, қазақ жазушыларының шығармашылығына қызығамын, – дейді Гүлсевар.

Омбы облысынан келген тағы бір командадағы төрт жеткіншектің барлығы жүлдегер атанды. Команда жетекшісі Бәткен Ноғайбайқызының айтуынша, өңірдегі мектептерде қазақ тілі «Туған тіл» пәні ретінде оқытылады.

– Мен Омбы қаласындағы №100 мектепте сабақ беремін. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі пән ретінде жүргізілсе, екі мектепте апта сайын екі рет факультатив ретінде оқытылады. Олимпиада – балалар үшін ата-бабаларымыздың тілі мен мәдениетін сезінудің тамаша мүмкіндігі. Тереңірек үйренгісі келетіндер үшін сөйлесу клубтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған жеке олимпиада да бар, – дейді Бәткен Ноғайбайқызы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Ең үздік қатысушылар Ә. Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің білім беру гранттарына ие болды. Сонымен қатар, облыс әкімі атынан қатысушыларға домбыралар табысталды.