Қазақстанда екі жүз мың банктік операциялар күдікке ілікті

Қазақстанда екі жүз мың банктік операциялар күдікке ілікті
Фото: pexels.com / energepic.com

Қазір Комитет елімізде және шетелде орналасқан жүздеген мүлік бойынша талдау жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Бас прокуратурасының алқасында биылғы жарты жылда прокуратура органдарының заңдылықты сақтау, құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмыстылықпен күрес бойынша қадағалау қызметінің нәтижелерін тыңдады.

Берік Асылов ұрланған активтерді мемлекетке қайтару туралы тапсырманы ерекше атап өтті.

– Былтыр «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Оны іске асыру үшін Бас прокуратура жанынан аттас Комитет құрылды. Бұл заңды қабылдаудың басты мақсаты – халықтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, әлеуметтік әділеттілікті, еліміздің халқының игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету. Комитет өзінің міндетін белсенді атқаруда, барлық қажетті құқықтық, материалдық-техникалық және басқа да құралдармен, сондай-ақ штатпен жарақталған, – деді ол.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тек биылдың өзінде мемлекетке 315 миллиард теңге қайтарылып, заңсыз қолды болып кеткен 513 мың гектар жер телімдері алынып қойылды. Алғаш рет сот 5,5 миллиард теңге тұратын пайда болуы түсініксіз байлық туралы және құны 400 миллион зергерлік бұйымдар мен мәдени құндылықтар жөніндегі Комитеттің талап-арызын толық көлемде қанағаттандырды.

Соттың шешімі толық көлемде орындалды.

– Қайтарылған активтер қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталуда. Бірқатар объектілер мемлекет меншігіне аударылған соң олардың бұрынғы иелерінің экономиканың жекелеген секторларындағы монополиялық басымдылығы тоқтатылды, – деді бас прокуратурада.

Мысалы, Жетісу облысындағы көлік-логистикалық орталық мемлекетке өткеннен кейін, Қазақстан-Қытай шекарасындағы кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасы артты. Уақытша сақтау қоймасының өткізу мүмкіндігі алты есе өсті.

Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында тәркіленген жерлер ауыл тұрғындарына мал жайылымы және шаруа қожалықтарына пайдалану үшін беріліп, осы өңірлерде жайылымға деген тапшылық азайды.

Бұдан басқа қонақ үйлер, кеңсе ғимараттары, ресторандар, бизнес-орталықтар, ірі қалалардағы шұрайлы жер телімдері, базарлар, темір жол инфроқұрылымдары, қымбат зергерлік бұйымдар мен басқа мүліктер мемлекетке қайтарылды.

– Қазір Комитет елімізде және шетелде орналасқан жүздеген мүлік бойынша талдау жүргізуде. Миллиондаған АҚШ доллары тұратын құнды қағаздардың шығу тегі, екі жүз мыңнан аса күдікті банкілік транзакциялар мен еліміздегі ондаған ірі кен орындары бойынша келісім-шарттардың заңдылығы зерделенуде. Нақты кәсіпорындар бойынша активтердің және мүліктердің пайда болу заңдылығы тексерілу үстінде. Беделді халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау табудамыз, – деп атап өтті бас прокуратурада.

Бұл ретте Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау көрсетілуде. Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және Заң Үстемдігі жөніндегі Бас директоратымен активтерді қайтару бойынша бірлескен жоспар әзірлеу және орындау туралы алдын-ала келісім жасауға қол жеткізілді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы халықаралық және ұлттық сарапшыларды тарта отырып, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге көмектесуде. ЕҚЫҰ бірлесіп активтерді қайтару бойынша кешенді жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «GlobE Network» ғаламдық жедел желісіне мүше болдық. Ақпарат алмасу мақсатында аталған желінің «Threema» байланыс арнасы орнатылды. Ақпан айында «Presight» компаниясының (G-42 корпорациясының құрамына кіреді) шығарылған активтерді анықтау жөніндегі сараптау платформасына қосылу туралы келісімшарт жасалды.

Аздаған топтың ел игілігін өз қолдарына заңсыз шоғырландыруы еркін экономикалық дамуға ең басты кедергі болды. Сондықтан прокуратура бизнесте заңды нарықтық және адал бәсекелестіктің дамуына барынша күш салуда. Прокуратура бизнеске бақылау-қадағалау органдары тарапынан жасалатын қысыммен, әсіресе кәсіпкерлерді әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық салаларда заңсыз қудалаумен табандылықпен күрес жүргізуде. Қазір кәсіпкерлердің қызметін шектеуші мемлекеттік органдардың барлық шешімдерін прокуратура олардың заңдылығы тұрғысынан алдын ала зерделейді, – делінген хабарламада.

Жыл басынан қадағалаудың жаңа құралы «прокурор сүзгісі» арқылы мемлекеттік органдардың жеке бизнеске қатысты 3 мыңға жуық шешімдері өтті. Оның 608-і тексеру тағайындау туралы, ал 2056-сы – әкімшілік іс қозғау жөніндегі қаулылар.

Оларды жете талдау арқасында заңсыз тексерулерге және шектеулер қоюға жол берілмеді, сонымен қатар, 276 негізсіз айыппұл жойылды. Жалпы прокуратура 53 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғап, 6 мыңнан астам мемлекеттік органдардың тыйым салу-шектеу шараларын жоюға қол жеткізді.