Үлкені де, кішісі де: Павлодарлықтар референдумға жауапкершілікпен қарауда
Сайлау учаскелері кешке дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Құрманғазы атындағы балалар музыкалық мектебіндегі № 57 референдум учаскесіне 2137 адам тіркелген. Оның ішінде сегіз адам үйден таңдау жасауға өтініш берген. Ал 18 жас азамат алғаш рет дауыс береді.
– Өз таңдауын жасайтын жас тұрғындарға кішігірім сыйлықтар дайын. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін арнайы бұрыш қарастырылған. Ол жерде зағип, көзі нашар көретін, нашар еститін тұрғындар еш қиындық, кедергісіз дауыс беру үшін жағдайлар жасалған, – деді № 57 сайлау учаскесінің төрағасы Болат Шарапиденов.
Оның сөзінше, таң атпастан дауыс беруге ниетті адам көп болған.
– Ауа райы да жақсы болып тұр. Жетіде учаскені аштық. Алтыдан кете бере 10-15 адамдай сыртта дауыс беру үшін күтіп тұрды. Бұл жауапкершіліктің белгісі деп ойлаймын. Белсенділік өте жоғары, – деді Болат Шарапиденов. – Бізге алғашқы болып 70 жастағы ата келеді. Оны әрдайым көргендіктен, бірінші болып келетініне үйреніп алғанбыз.
Референдум комиссиясынан бөлек, учаскеде екі бақылаушы жұмыс істейді. Оның бірі – «AMANAT» партиясынан Жастар бастамалырн дамыту орталығының қызметкері Жаслан Бейсенов.
– Алғаш рет бақылаушы ретінде сайлауға қатысудамын. Тәжірибе жинап, сайлау барысы қалай өтіп жатқанын ішінен көрейін деп келдім. Ескертулер мен құқық бұзушылықтар тіркелмеді. Отбасымен келген адамдар кабинаға бірден жиналған уақытта оларға бір-бірден кіру керектігін түсіндіреміз, – деді Жаслан Бейсенов.
Ел анасы, «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова аталмыш учаскеге тіркелген азаматтардың қатарында.
– Мен өз дауысымды № 57 сайлау учаскесінде беріп келдім. Елдің жарқын болашағы үшін бұл күн ерекше маңызды. Сондықтан мұндай маңызды оқиғадан тыс қалмай, таңдау жасау – әр азаматтың міндеті. Өз қалауымды таңдадым. Сіздер де мемлекетіміздің болашағы үшін өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, – деді Бақытжмал Максилова.
Учаскеде тұрғындар үшін жанды атмосфераны қалыптастыру үшін қазақша әндер шырқалуда.