Павлодарлық ғалым Желтоқсанның беймәлім тұстарын айтты
Бүгінде ол «Желтоқсан тарихы» қоғамдық бірлестігін басқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
16 желтоқсан Қазақстанда Тәуелсіздік күні болып есептеледі. 37 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің пленумы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаевтың орнына ҚКП бірінші хатшысы ретінде Ресейдегі Ульяновск облысының бірінші хатшысы Геннадий Колбинді сайлайды.
- Мен ол кезде бас редактор Рымғали Нұрғалиевтің шақыруымен Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясына» жұмысқа енді орналасқан кезім, - деп есіне алды Торайғыров университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Амантай Құдабаев. – 16 желтоқсанда жұмыста «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан» - автор түсіндірмесі) жаңа нөмірі қолымызға түсті. Онда Қонаевтың орнына Қазақстанды Колбиннің басқаратыны туралы жазылды. Бірінші бетке шыққан Колбиннің қабағы түйілген, ашу-ызаға толы сұсты суреті бізге басқаша әсер етті. «Бұл қалай болды?» дестік.
«Қазақ энциклопедиясының» редакциясы ол кезде Л.И. Брежнев атындағы орталық алаңға жақын орналасқан еді. Түске таман Амантай Құдабаев Фурманов (қазіргі кезде Назарбаев) көшесінің бойымен жоғары қарай көтеріледі.
- Қарасам, халық үн-түнсіз алаңға қарай жүріп бара жатыр екен. №2 автобусқа міндім, бірақ ол Шевченко көшесіне жеткенде жүргізуші әрі қарай бармайтынын, жоғары жақта ереуіл болып жатқанын айтып, солға бұрылып кетті. Алаңға барсақ, халық енді-енді жинала бастаған кез екен. Күбірлесіп, әңгімелесіп тұрдық. Әркім өзінің ойларын айтып, бұл не сұмдық дегендей пікір айтып жатты. Арамызда бір жігіт белсенді іске кірісейік деп үгіттеп тұрды. Кейін оның провокатор екендігін ұқтық. Содан-соң Мир (қазіргі Желтоқсан – автор түсіндірмесі) көшесі жақтан ту ұстаған бір топ жастар шыға келді – еш ойланбастан сол жаққа қарай «уралап» жүгірдік, - дейді Амантай Құдабаев.
Желтоқсан көтерісіне қатысқан Амантай Құдабаевтың сөзіне қарағанда, шамамен сағат үш-төртте Орталық алаңның мінберіне компартия басшылығы Зақаш Камалиденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Николай Князев, Зинаида Федотова, Саламат Мұқашев шықты.
- Олар «бұл жиналыс не?», «не тұрыс?» дегендей болды. Мен еш ойланбастан қолымды көтеріп, мен деп қалдым. Мені екі жігіт көтеріп алып, дереу мінберге әкеп тастады. Нұрсұлтан Назарбаев «не айтқыларың келді?» деп сұрады. Қазақстанды қазақ басқаруы тиіс, болмаса, қазақтың арасында өскен, халықты сыйлайтын басқа ұлт өкілі сайлануы тиіс деді де, Қостанайдағы Василий Демиденко, Қарағандыда Александр Коркин секілді обком төрағаларының есімдерін айттым. Сол сәтте мінберге солдаттар жақындап келе жатыр екен. Назарбаев көзбен сол тұсты көрсетіп, «қаш» дегендей жол сілтеді. Мен бәрін түсіндім, - дейді Амантай Құдабаев.
Артынша Л.И. Брежнев атындағы Орталық алаңда не болғанын тарих біледі. Ұзаққа созылған арпалыста талай тағдырлар қыршыннан қиылды. Абырой болғанда, тепкінің астында қалған Амантай Жетпісұлы алаңнан аман-есен шықты.
- Бір байқағаным, қазақ жастарынан бөлек арамызда орыс, ұйғыр басқа да ұлт өкілдері болды, - дейді ғалым. – Үлкен кісілер «бұл жасағандарың қате болды» деп жатты. Тағы бір байқағаным прокурордың бұл істерің заңға қайшы, алаңды босатыңдар дегенімен, әскерлер алаңды бөліп алып, ешкімді сыртқа шығартпауға тырысты. Қайта керісінше, алаңның ортасына қарай қуды. Сым қоршауына талай қыз қылқынып өлді.
Біраз уақыт көтерілістің белді мүшесі ретінде іздеуде жүрген Амантай аға үрей сезімінде жүрді. Артынша ақталған ол «Желтоқсан тарихы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы ретінде басқа желтоқсаншылардың ар-ожданының қалпына келтірілгені үшін күресуде.
Фото: Константин Шелков, Амантай Құдабаевтың жеке архиві және ашық дереккөздерден алынды