Үйдегі тиран: Павлодар облысында отбасылық зорлық-зомбылықтан қанша адам көз жұмды?

Үйдегі тиран: Павлодар облысында отбасылық зорлық-зомбылықтан қанша адам көз жұмды?
Фото: pexels.com

Полицияға күн сайын ұрып-соғу, жанжалмен байланысты 30 шақыртуға дейін түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жыл басынан бері ҚР ҚК-нің 106-баптың 3-бөлігі бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бес адам көз жұмды. Олардың арасында ер адамдар да бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев мәлім етті. 

– Барлық жағдайда қайғылы оқиғалар адамдар мас күйде болғандықтан орын алды. Бір-біріне пышақ сұғып немесе итеріп өлтірген фактілер болды,– деп атап өтті Азамат Күркебаев.

Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірде отбасылық тұрмыстық салада жасалған қылмыстар 71,4 пайызға өсті. Атап айтқанда, 63- тен 108 фактіге дейін ұлғайды. Алайда қылмыстардың өсуі отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнаманы қатаңдату есебінен байқалады.

– Яғни әкімшілік заңнаманың бірқатар баптары қылмыстық заңдарға ауысты. Ұрып-соғу жағдайлары бірден сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеледі. Полицияны жиі шақыратын әйелдерден қоңыраулар азайды деуге де болады. Себебі, әйелдер мас агрессорды оқшаулағысы келеді. Бүгінде әйелдер факті орын алғанда ғана полиция шақырады, – деді Азамат Күркебаев.

Биыл әйелдерге қатысты 62 қылмыс тіркелді, олардың 33 жағдайында бұған дейін зардап шеккендер өтініштерінен бас тартты. 

Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап әйелдер мен балалар құқықтарын қорғауға бағытталған заң күшіне енді.