Үйлерін су басқан: Қостанайлық балалар Баянауылда қалай демалуда?
Олар оқуды үзбей, жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауылының «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығына демалу, сауықтыру және оқу процесін ұйымдастыру үшін Қостанай облысынан үш педагог пен 51 бала келді. Облыстық ТЖД қызметкерлері су тасқыны қаупі бар өңірлерден келген оқушыларды қарсы алды. Жас қонақтарға 30 сәуірге дейін Баянауыл ауданының табиғи және киелі жерлері бойынша мәдени-танымдық бағдарлама жоспарланған.
– Балаларға түрлі спорттық мәдени, интеллектуалды, танымдық іс-шаралар, кино көрсетілім ұйымдастырылады. Баянауыл, Торайғыр, Жасыбай, Қоңыр әулие, Ескі өткел, Сәтбаев мұражайы, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне апарамыз, – деді «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығының басшысы Жұлдыз Селеусина.
Оның сөзінше, орталықтың 27 оқытушысы қостанайлық 5-9-сынып оқушыларына сабақ беруде.
– Ғимараттың іші жылы, таза. Барлық пән мұғалімдері оқушыларға сабақ беріп жатыр. Спорт пен мәжіліс залы, асхана жабдықталған, – деп атап өтті Жұлдыз Селеусина. – Басқа облыстардың балаларын қабылдап жатқанымыз бірінші рет емес. Арыста жарылыс болғанда да оқушыларды қабылдаған едік.
«Жас дәурен» орталығының жалпы сыйымдылығы 150 балаға шақталған. Оқыту-сауықтыру орталықтың есіктері балалар үшін жыл бойы ашық. Облыстық ТЖД мәліметінше, Павлодар облысындағы су тасқыны салдарынан үйлері зардап шеккен отбасылардың балалары оқу процесін ұйымдастырумен демалыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, 16 сәуірде Атырау облысынан үйлері зардап шеккен 50 бала келеді.