Ұрып-соқты: Павлодар ауылының әкімі қатаң сөгіс алуы мүмкін
Сырым Рушановқа қатысты тәртіптік іс облыстық әдеп жөніндегі кеңесте талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Железин ауданының кәсіпкері ұрып-соқты деп Павлодар ауылының әкімі Сырым Рушановты айыптаған еді. Бұл оқиғаның соңы сотпен аяқталды. Нәтижесінде ауыл әкіміне қатысты ҚР ӘҚБтК 73- бабының 1 -бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сотта екі жақ татуласып, әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған еді.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл жағдайды зерттеген.
– Факт тіркелген. Сырым Рушанов өзінің жасаған әрекеттерімен мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінің нормасын бұзды, – деді әдеп жөніндегі кеңесте.
Әдеп жөніндегі уәкіл әкімге қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.
Еске сала кетейік, 17 маусым күні Павлодар кафелерінің бірінде Павлодар ауылының әкімі мен Железин ауданының тұрғыны арасында жанжал шыққаны туралы белгілі болды. Оның нәтижесінде ауыл тұрғыны дене жарақаттарын алған. Олар медициналық сараптамамен расталған еді. Кәсіпкер ауыл әкімін сотқа берген. Сотта Павлодар ауылының әкімі жасаған әрекеттері үшін кешірім сұраған.