Әкелер күні Павлодарда тұңғыш рет аталып өтті
Арнайы конкурста төрт мектеп оқушысы әкелерімен бірге үздік атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардың №7 мектебінде «Өнегелі әке – өнерлі бала» атты байқау ұйымдастырылды. Қатысушылар өнер, спорт салаларында шеберліктерін көрсетіп, тапқырлық таныта білді. Барлығы сегіз мектеп командалары сайысқа түсті.
Ұйымдастырушылар тарапынан сөйлеген «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы басшысының орынбасары Айгүл Құнанбаева мұндай жарыстың бұрын-соңды болмағанын атап өтіп, сайыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, әкенің бала тәрбиелеудегі рөлін арттыру екендігін айтты.
- Барлық командалар уақыттың тығыздығына қарамастан жақсы өнер көрсетті. Балаларын қолдап конкурсқа қатысқан, тәрбие ісіне атсалысқан әкелерге алғыс айтамын. Келесі жолы қатысушылар саны одан сайын арта түседі деп сенемін, - дейді Айгүл Құнанбаева.
Нәтижесінде үздіктер қатарында №14 мектептің «Крутой лев», №15 мектептің «Тигры», Мұхтар Әуезов атындағы оқу орнының «Горцы» және жетінші мектептің «Жауқазын» командалары аталды.
Әкелер күні – көп елдерде аталып өтетін мереке. Тұңғыш рет АҚШ-та 1910 жылы 19 маусымда аталды. Биылдан бастап маусымның үшінші жексенбісі Қазақстанда да Әкелер күні болып бекітілді.