100 cуреттің бірін таңдайтын: Павлодарда Едіге Ниязовты еске алу кеші өтті

Іс-шараға шебердің шәкірттері, достары мен фотоөнер жанашырлары жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Д. Багаев музей-үйінде фотосуретші және педагог Едіге Ниязовты еске алу кеші ұйымдастырылды.
«Уходя, оставьте свет» атты шара фотошебердің 85 жылдығына арналды. Көрермен назарына ұсынылған еңбектердің басым бөлігін портрет жанрындағы фотосуреттер құрады. Себебі, бұл жанрдағы туындылар фотосуретшінің қайталанбас шығармашылық көзқарасын көрсетеді.
Д. Багаев музей-үйінің жетекшісі Надежда Бектұрғанова Едіге Ниязовтың фотосуреттері павлодарлықтарға жақсы таныс екенін атап өтті. Бұған дейін көптеген экспозицияларға қойылған. Кей туындылар пейзаж жанрында, дегенмен, басым бөлігі – портрет жанрындағы еңбектер.
– Адамның образын паш ететін фотолар өнертанушылар мен көрермендеріміз арасында ерекше құрметке ие. Әсіресе, танымал «Кино» рок-тобының фотосы баршамыздың есімізде. Себебі, әр сурет арқылы сол адамның көзқарасы мен жан дүниесін сезінгендей боламыз. Портреттер Павлодардан бөлек Франция, Ресейдің музейлеріндегі көрмелерде ұсынылған, – дейді Д. Багаев музей-үйінің жетекшісі Надежда Бектұрғанова.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің бас сақтаушысы Ольга Пашко Едіге Ниязовты адамдар мен өмірді сүйген тұлға ретінде бағалайтынын жеткізді.
– Соңынан баға жетпес мұра қалдырған Едіге Ниязовтай фотосуретшілер бірен-саран. Шебер 100 cуреттің ішінен бір ғана фотографияны таңдайтыны — ғажап дүние. Ол адамның ішкі әлемін танығандай болады. Шебер фотоларды таңдағанда фотоаппараттың нысанасына түскен адамның қөзқарасына, жан дүниесіне назар аударатын. Сондықтан, әр портреттің өзіндік сыры бар, – дейді Ольга Пашко.
Еске алу кешіне ақ-қара түсті 34 фототуынды ұсынылды.