16 қыз: Медеу Арынбаев Павлодар облысының хас сұлуын таңдады

16 қыз: Медеу Арынбаев Павлодар облысының хас сұлуын таңдады
Фото: автор

«Шаңырақ» концерт залында «ERTIS ARUY-2025» байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің түкпір-түкпірінен келген арулар сыртқы келбетімен ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білу жағынан да сайысқа түсті. Кастингке барлығы 40 қатысушы келсе, финалға 16 қыз шықты. Шараны «Шаңырақ» орталығы ұйымдастырды.

- Байқау жыл сайын өткізіліп келеді және қазірдің өзінде облыстың мәдени өмірінде өз орнын тауып үлгерді, - дейді орталық жетекшісі Замира Солтанова. – «ERTIS ARUY-2025» конкурсының «Мисс Павлодар» немесе «Мисс Қазақстан» байқауларынан айырмашылығы, мқнда қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуге ерекше көңіл бөледі. Бір ай бойы мамандар байқауға қатысушылармен жұмыс істеді: хореографтар, әртістер, әншілер – оларға жан-жақты көмек көрсетті.

Нәтижесінде көрермендер жарқын шоудың куәсі болды. Концерттік бағдарлама есте қаларлықтай әсер қалдырды. Аруларды «Мисс Павлодар-2016» Айзат Қожабаева бастаған білікті қазылар алқасы бағалады. Сарапшылар алқасының құрамына белгілі әнші, «АБК» тобының бұрынғы мүшесі Медеу Арынбаев, сондай-ақ белгілі журналист Болат Аманбаев және облыстың басқа да белгілі қоғам қайраткерлері кірді.

Гран-приді Успен ауданының қызы Камиля Мұхамбетова жеңіп алды. «ERTIS ARUY» тәжін және Түркияға жолдама алды. Жүлделі орындарды павлодарлық Аружан Ахмет, баянауылдық Дариға Жақыбай және Май ауданынан Айсана Шүкітаева иеленді. Оларға ақшалай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.