2026 жылы Павлодар облысында барлық ауылдың кіреберіс жолында асфальт болады

Ауылдардың кіреберіс жолдарын салу жоспар бойынша жүзеге асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ауылдарға кіреберіс жолдардың жағдайына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, алдағы екі жылда перспективалы елді мекендердің барлығында қатты жабындысы бар жол болуы тиіс.
Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың сөзінше, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр.
– 2023-2024 жылдары 61 ауылдың жолы жөнделді. Биыл тағы 31 елді мекен қамтылады. Қалған 31 ауылға кіреберіс жол 2026 жылға дейін салынады. Барлығы 123 ауылдың кіреберіс жолы жоспарға енгізілген, – деді ол.
Дегенмен, әкім жобалық-сметалық құжаттаманың дайындық деңгейіне назар аударды. Қалған 31 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың тек 50–60 пайызы ғана әзірленген екен.
– Бұл жұмысты талдап, әр ауылдың тізімін нақтылап, қай жерде құжаттама жасалмағанын, қайсысы басталғанын толық көрсетіп бересіздер. Келесі аппарат жиналысында баяндаңыздар, – деп тапсырма берді Асайын Байханов.
Әкімнің айтуынша, бұл мәселе аса маңызды, себебі 2026 жылға қарай барлық перспективалы ауылдар 100 пайыз кіреберіс асфальт жолмен қамтылуы қажет.
Еске сала кетейік, өңірде 116 жолды жөндеу жобасы іске асуда. Бүгінгі күні 116 нысанның 86-сы аяқталды. Қалған 26 учаскеде жол-құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ал төрт жобада жұмыстар 5 қыркүйекке дейін басталады.