Аққулы ауданында жаңа мектеп бой көтеруі мүмкін

Аққулы ауданында жаңа мектеп бой көтеруі мүмкін
Фото: Валерий Бугаев

Әуелі жер телімі таңдалып, жоба әзірленуі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданына барып, Төсағаш ауылының тұрғындарымен жүздесті.

– Туған жердің болашағына алаңдайтын ел-жұртпен бірге ауылдың ертеңіне қатысты жайларды, әсіресе жаңа мектеп салу мәселесін кеңінен әңгімелестік, – деді аймақ басшысы.

1982 жылы бой көтерген қазіргі мектептің қабырғасы тозған. Бірақ сол ескі ғимараттың ішінде үмітке толы 65 бала білім алуда. Балалар - ауылдың жүрегі, болашаққа апарар жалғыз шам. Сол себепті олардың білім алатын ортасы да жарқын, жылы, заманға сай болуы тиіс.

– Төсағаштың еңбекқор халқына мен бір ғана тілек айттым - ауылдың өсіп-өнуіне, жан санының артуына барынша қолдау білдіру. Өйткені тіршілігі қайнаған, бала күлкісі естілген ауыл ғана өміршең. Халық саны өссе, біз де өз тарапымыздан инфрақұрылымды жақсартып, ауылдың өркендеуіне қажетті барлық жағдайды жасауға әзірміз, – деді Асайын Байханов.

Кездесу соңында облыс әкімі жаңа мектептің жобасын әзірлеуді бастауға тапсырма берді. Алдымен лайықты жер телімі таңдалып, рәсімделуі керек. Егер оқушы саны талапқа сай болса, 2026 жылдың күзінде жаңа білім ошағының іргесі қаланып, 2027 жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.