Аққулы ауданының төрт ауылында медициналық пункттер салынады
Елді мекендерде геодезистермен тиісті жұмыстар жүргізіліп, құрылыс орындары белгіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов жұмыс сапарымен Төсағаш, Жабағылы, Шақа, Қазы ауылдарына барып, құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
– Төсағаш ауылындағы балаларға арналған алаң құрылысының сапасы төмен. Бұл жөнінде 1 ай бұрын мердігермен ескертулерді жою бойынша келіссөздер жүргізілген болатын. Алайда, жұмыстар шартқа сәйкес орындалмағандықтан құрылыс жұмысын жүргізуші «Barys» ЖШС сот тәртібімен шарт бұзылады. Осы орайда ауылдық округ әкіміне тиісті тапсырмалар берілді,– деп жазды Руслан Мұқанов өзінің Instagram парақшасында.
Жабағылы ауылындағы медициналық пунктінің құрылысы «IT InVEST» ЖШС және қосалқы мердігер «ELIT ORDA BILDING» ЖШС сапалы және мерзіміне сәйкес жүргізілуде. Мердігердің айтуынша, құрылыс жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтап, халық игілігіне тапсыру жоспарлануда.
Шақа ауылында да медициналық пунктінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда нысанның шатырын жабу жұмыстары іске асырылуда. Алдағы аптада әрлеу жұмыстары басталатын болады.
– Ағымдағы жылы конкурстық шаралардың қорытындысына сәйкес, Қазы, Тілектес, Тақыр, Қазантай ауылдарында медициналық пункт құрылысы бойынша «Батыс Монтаж Сервис» ЖШС анықталып отыр. Бүгінгі күні елді-мекендерде геодезисттермен тиісті жұмыстар жүргізіліп, құрылыс орындары белгіленді. Қазы, Тақыр, Қазантай ауылдарында нысандардың іргетасы қазылып, дайындалды. Тілектес ауылында құрылыс нысанының іргетасын қазу жұмыстары таяу күндері бастау алады,– деді Руслан Мұқанов.
Құрылыс жұмыстарының барысы аудан әкімінің тұрақты бақылауында.