Ақсу қаласындағы «ЭкоӘлем» балалар лагері жазғы маусымға дайын ба?
Жазғы демалыс қарсаңында полиция қызметкерлері балалар сауықтыру орталығында кешенді тексеру жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бір ауысымда 300-ден астам баланы қабылдайтын бұл нысандағы қауіпсіздік шаралары ювеналды полиция инспекторларының басты назарында болды.
– Тексеріс барысында полицейлер лагерь аумағының бүкіл инфрақұрылымын жіті бақылаудан өткізді. Олар жеке күзет агенттігінің жұмысын, қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығын және бейнебақылау жүйелерінің жарамдылығын тексерді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, балалардың демалыс орындары, асхана, ойын алаңдары, сыртқы қоршаулар, сондай-ақ лагерь аумағындағы құдықтар мен ықтимал қауіпті учаскелердің техникалық жай-күйіне ерекше көңіл бөлінді.
– Біз лагерьдің әр бұрышын мұқият зерттедік. Мақсатымыз – кәмелетке толмағандардың демалысы кезінде олардың өмірі мен денсаулығына төнетін кез келген қауіп-қатерді толығымен жою, – деді Ақсу қалалық ювеналды полицияның аға инспекторы Айнагүл Ахметова.
Тексеру нәтижесінде лагерь басшылығына қауіпсіздік талаптарын одан әрі күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді. Құқық қорғау органдары ата-аналардың тыныштығын және балалардың демалысының қауіпсіз әрі мазмұнды өтуін қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгілеп отыр.