Ақсуда еліміздегі тұңғыш рет Мұхтар Мағауинге арналған кітап оқу бәйгесі өтті

Ақсуда еліміздегі тұңғыш рет Мұхтар Мағауинге арналған кітап оқу бәйгесі өтті
Фото: Есенжол Исабек

Бас жүлдеге көрнекті қаламгердің 26 томдық толық шығармалар жинағы берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, қоғам қайраткері Мұхтар Мағауинге арналған кітап оқу бәйгесі қалалық орталықтандырылған кітапханасында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – қоғамда мемлекеттік тілді дәріптеу және оның колдану аясын кеңейту арқылы тіл саясатының негізгі басымдықтарын жүзеге асыру, кітап оқу мәдениетін дамыту және оқырман белсенділігін арттыру арқылы рухани-мәдени әлеуетті нығайту.

–   Еліміздің көрнекті қаламгері Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын кеңінен таныстыру, оның әдеби мұрасын терең меңгеруге жағдай жасау мақсатында кітап кеміретін саңлақтарды бәйгеге саламыз, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манапов.

Сонымен қатар, жастар мен ересек буын өкілдерінің кітапқа деген қызығушылығын арттыру арқылы зияткерлік әлеуетті дамыту және қоғамда оқу дағдысын қалыптастыруды мақсат етіп отыр.

Байқауда өңірімізден кітапты сүйіп оқитын алты қатысушы бақ сынады. Қатысушылар Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» және «Шақан Шері» романдарының жігін шағып, майын тамызып оқып келген.

–  Жарыс ережесі бойынша шешуші кезеңде екі бағыт бойынша тапсырмалар беріледі. «Шақан Шері» романы бойынша ауызша билет сұрақтарына жауап қайтарса, «Көкбалақ» романы бойынша жазбаша тест тапсырмаларды орындайды, – дейді ол.

Қазылар алқасынын мүшесі мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы, қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының мұғалімі Бекен Сагындықұлы, Мағауин – қазақтың рухани тарихындағы реңкті қалыптастырған ірі суреткер деп бағалайтынын жасырмады.

–   Мағауин – тек әдебиетшілер үшін ғана емес, мәдениеттанушы, ғалымдар мен тарихшылар үшін де мол мағлұмат, терең тақырып, шүйгін ой ұсынған, дәлелін дәлдеп, өзіндік тұжырыммен кестелеген олжасы мол ойшыл, – дейді филология ғылымдарының докторы.

Ол ағып тұрған дариядай тарихтан, әдебиеттен, саясаттан мол хабардар ерекше тұлға – Мұхтар Мағауиннің шығармаларын оқыса оқи бергісі келетінін жеткізді.

–  Мұхтар Мағауин тек қана жазушы емес, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдарында барынша шындықты көрсеткен, – дейді қатысушы облыстык көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей интернатының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрбақыт Қуатбек.

Бас жүлдені «Аманат» партиясы Ертіс аудандық филиалының қызметкері Нұрсұлу Даргерхан Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық шығармалар жинағын алды. Басқа қатысушыларға Сәбит Дөнентаевтің «Көркемтай» жинағы мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, 26 томда әр кітаптың көлемі 550-650 беттен тұрады. Кітаптың жалпы тиражы – екі мың дана. Мұхтар Мағауиннің 26 томдық кітабының алғашқы үшеуі – əңгімелер жинағы. Онда «Əуелгі əңгімелер», «Өткінші əңгімелер», «Иесіз əңгімелер», «Доңыз жылғы балалық», «Біруыс бидай», «Тіленші» секілді бар шығармалары түйінделген.