Ақсуда кәсіби біліктілікті тану орталығында қандай дағдылар үйретіледі?

Ақсуда кәсіби біліктілікті тану орталығында қандай дағдылар үйретіледі?
Фото: Константин Шелков

Облыс басшысы өндірістік жұмысшыларға арналған оқу полигонында болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары барысында «ERG кәсіби біліктілікті тану орталығының» қызметімен танысты. Өндірістік мамандықтар бойынша кадр даярлау мен біліктілікті арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Бұл туралы оқу орталығының басшысы Анастасия Киселёва мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда дайындық тізімі аса үлкен емес, алайда алдағы уақытта оны кеңейту жоспарланып отыр. Теориялық оқудан өткен тыңдаушылар практикалық дағдыларын арнайы оқу полигондарында шыңдайды.

– Бұл – нақты жұмыс орнының толық имитациясы. Мұнда тәжірибелі нұсқаушылар оқытады, – деді ол.

Дәнекерлеу полигонында әртүрлі жағдайлар модельденген. Тәлімгер Александрдың сөзінше, полигонда қорғаныш газдар ортасында дәнекерлеу, аргонды-доғалық дәнекерлеу, газбен кесу жұмыстары жүргізіледі. 

– Бізде тек оқыту ғана емес, сонымен қатар емтихан қабылдау да жүзеге асырылады. Жылжымалы сорғыш желдеткіштер орнатылған, оларды қажетті орынға ауыстыруға болады, – деді Александр.

Орталықта тек жаңадан оқып жатқан қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге жұмыс істеп жүрген мамандар да білімін жетілдіруде. Мұнда біліктілікті арттыру, дәрежені көтеру, растау және тағайындау жүргізіледі.

Теориялық білім арнайы оқу орталығында және ішкі онлайн-платформа арқылы беріледі. Сонымен қатар заманауи жабдықтармен қамтылған өрт-техникалық дайындық сыныбы жұмыс істейді.

Нұсқаушы Евгенийдің айтуынша, «өрт-техникалық минимум» бағдарламасы өрт қауіпсіздігі саласындағы білім мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Сабақ барысында өрттің алдын алу, алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәсілдері үйретіледі.

– Бізде автоматты өрт дабылы, газды өрт сөндіру жүйелері және эвакуация туралы хабарлау жүйесінің оқу макеттері бар. Барлығы шынайы жүйелерге барынша ұқсас, – деді оқытушы.

Оқу орталығында барлық қызметкерлер міндетті түрде оқудан өтеді. Аптаның дүйсенбісінен бейсенбісіне дейін жұмысшы мамандық иелері – электрші, дәнекерлеуші, отты жұмыстарды атқаратын мамандар оқытылады. Ал жұма күні инженерлік-техникалық қызметкерлер, яғни өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар білімін жетілдіреді.

Сонымен қатар, орталықта көпірлі крандардың басқару жүйелері толық имитацияланған. Теориялық емтиханнан өткен тыңдаушылар мемлекет талаптарына сәйкес осы алаңда тәжірибеден өтеді. Мұнда мұнаралы және автокран түрлерін басқару дағдыларын меңгеруге мүмкіндік бар.

Жаңа технологиялар да назардан тыс қалмаған. Оқу барысында виртуалды және қосымша шындық көзілдіріктері қолданылады. Бұл жабдықтар өндірістік процестерді, жабдықтарды жөндеу және пайдалану тәртібін қауіпсіз жағдайда үйренуге мүмкіндік береді.

Ал қосымша шындыққа негізделген «Soldamatic» тренажері дәнекерлеу дағдыларын жетілдіруге арналған. Ол түрлі тігіс түрлерін, нақты дайындамаларды орындауға мүмкіндік беріп, 6-разряд деңгейіндегі дағдыларды меңгеруге жағдай жасайды.

Мамандардың айтуынша, бұл әдістер оқытудың тиімділігін арттырып, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін едәуір жоғарылатады.