Ақсуда жүргізуші патрульдік машинаны зақымдады
Жол-көлік оқиғасы Ленин көшесіндегі 53-ші үйдің жанында орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қазан күні сағат 10.45 шамасында «Volkswagen Polo» маркалы автокөліктің жүргізушісі қашықтықты сақтамай, реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншіні өткізіп жатқан «Lada Vesta» маркалы патрульдік автокөлікке соқтығысқан.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Volkswagen Polo» көлігінің жүргізушісі қызметтік көліктің артқы жағына зақым келтірді. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Осы бұзушылық үшін жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жіберілді. Автокөлік айып тұрағына қойылды, – деді баспасөз қызметінде.
Облыстық полиция ведомствосы қызметтік автокөліктің зақымдануы бойынша залалды өтеу үшін азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну құқығын өзіне қалдырады.