Ақсудан шыққан продюсер Imanbek «Құрмет» орденімен марапатталды
Марапат елдің қоғамдық өмірін дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстаннан шыққан алғашқы «Грэмми» иегері, әлемге танымал DJ және саунд-продюсер Иманбек Зейкенов «Құрмет» орденімен марапатталды. Награданы елордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Бұған дейін музыкант шетелде жүргендіктен, марапатты Республика күніне орай ала алмаған болатын.
Imanbek ремикс жасаған Roses трегі оған халықаралық танымалдық әкеліп, қазақ электронды музыкасын әлемдік деңгейге шығарды.
Еске сала кетейік, өңір тумасы жуырда Оңтүстік Кореяның танымал K-pop тобы Close Your Eyes-пен бірігіп жаңа «SOB» әнін таныстырған еді. Бұл трек топтың blackout атты үшінші мини-альбомына енді. Жаңа туындыда Imanbek-тің фирмалық EDM-дроптары мен терең электронды дыбысы K-pop стилімен үйлесім тауып, ерекше музыкалық экспериментке айналды.
Трекпен бірге YouTube арнасында «SOB (with Imanbek)» ресми бейнебаяны жарияланды. Бірнеше күн ішінде клип 2,7 миллионнан астам қаралым жинап, тыңдармандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бейнебаянда неон жарықтары, кинематографиялық көріністер және динамикалық хореография ерекше әсер қалдырады.