Ақсудың қысқы маусымға дайындығы қалай?

Ақсудың қысқы маусымға дайындығы қалай?
Фото: Константин Шелков

Шаһарда жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Гидравликалық сынақтар барысында анықталған ақаулар да бақылауға алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың жұмыс сапары барысында қаладағы магистральдық құбырлардың жағдайы, гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақауларды жою барысы және жөндеу жұмыстары қаралды.

Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов Астана көшесіндегі жылу магистралін жаңарту, сондай-ақ гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

– Шілде айында барлық жұмысты аяқтадық. 91 көппәтерлі тұрғын үй мен 287 жеке үй жылу желісінен ажыратылды. 30 тамызда қаладағы ірі жобалардың бірі аясында диаметрі 700 миллиметр болатын магистральдық жылу құбыры ауыстырылды. Оған 28 көппәтерлі тұрғын үй, 34 жеке үй және сегіз әлеуметтік нысан қосылды. 15 қыркүйекке дейін аумақтарды абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз. Кеспетас төсеу, камераларды жабу және оқшаулау жұмыстарын аяқтау қалды, – деді Әнуарбек Аманов.

Асайын Байханов гидравликалық сынақтардың нәтижесі мен анықталған ақауларды жою бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

«Теплосервис Ақсу» компаниясының директоры Вадим Ковальчуктың айтуынша, сынақтар 3–4 тамыз күндері жүргізілген. Алғашқы тексеру кезінде магистральдық желілерден алты ақау анықталған. Ақаулардың басым бөлігі Әуезов көшесіне тиесілі жылу желілерінде тіркелген.

– Магистраль 2014 жылы салынған. Дәнекерленген қосылыстар мен муфталар орналасқан жерлерде коррозия пайда болған. Дәнекерлеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Құбырдың өзі бүтін. Әңгіме шамамен 800 метр учаске туралы болып отыр, тағы 600 метрі Әуезов көшесінің әр бөлігінде орналасқан, – деп баяндады Вадим Ковальчук.

Облыс әкімі жылу желісін күшейту жұмыстарын жоспарлап, дәнекерленген қосылыстарды қайта дәнекерлеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

– Келесі жылға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жоспарлаңыздар. Қала бюджетінен қаражат бөліңіздер. Зертхана қызметкерлерін тартып, барлық тігісті тексеріп, қайта дәнекерлеу керек. Өйткені 2014 жылы дұрыс жасалмаған. Оны түзету қажет. Бұл магистральді мұқият тексеріп, қайтадан қауіп төндіретін учаскелер қалмауын қамтамасыз ету керек, – деді облыс әкімі.

Мамандардың айтуынша, дәнекерленген қосылыстарды қайта пісіру қажетті жұмыстар мен желілерді уақытша ажыратуды қоса алғанда, шамамен 20–30 күнді қажет етеді.

Ыстық сумен жабдықтау бойынша жылу желілерінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта бес көппәтерлі тұрғын үй ажыратылып, онда су жылытқыштарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар бақылауда және 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Қазір 261 көпқабатты үй жылу қабылдауға дайын.

Еске салайық, Павлодар облысы дәстүрлі түрде елімізде қысқы режимге көшудің дайындығын алғашқылардың бірі болып бастайды. Жылу беру маусымының нақты басталу күнін энергетиктер әзірге атаған жоқ. Өткен жылдары өңірде жылыту кезеңі қыркүйек айында басталған.