Ақсулық ұстаздарға полицейлер қаржылық сауаттылық туралы түсіндіруде
Оларға дербес деректерді бөгде адамдарға айтпауға кеңес берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қылмыстардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында учаскелік полиция инспекторлары алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған білім беру мекемелерінің педагогикалық ұжымдарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Полиция қызметкерлері азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін алаяқтық схемалары туралы айтып берді. Телефон және интернет-алаяқтыққа, соның ішінде банктер мен құқық қорғау органдарының жалған қызметкерлерінің қоңырауларына, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы алдау жағдайларына ерекше назар аударылды. Полицейлер күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түскен кезде педагогтарға іс-қимыл тәртібін түсіндірді, дербес деректерді, банк карталарының деректемелерін, растау кодтарын және өзге де құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейтінін еске салды, – дейді Ақсу қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.
Учаскелік инспекторлар алаяқтық әрекеттері кезінде полицияға уақтылы жүгінудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мектеп қызметкерлерін оқушылармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізуге шақырды.
Кездесу соңында педагогтарға алаяқтардан қорғау бойынша ұсынымдар мен шұғыл қызметтердің байланыс деректері бар ақпараттық материалдар таратылды.