Ақтауда Павлодар облысының келіндері «Үлгілі абысын» деген атаққа ие болды

Ақтауда Павлодар облысының келіндері «Үлгілі абысын» деген атаққа ие болды
Фото: Айжан Апсаттарова ұсынды

Республикалық «Абысын-ажын» байқауы Ақтауда өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Шарада еліміздің сегіз облысынан 75 келін бақ сынады. Мақсаты – жастарымыздың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіру арқылы ұлттық сананы ояту, саналы қоғам қалыптастыруға ықпал ету. Байқау бес бөлімнен тұрды. Қатысушылар алғашқы бөлімде өздерін таныстырса, екінші «Шебердің қолы асыл» бөлімінде өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ сұрақтарға жауап беріп, қолөнер бұйымдарын ұсынды, қойылым сахналады.

– Бұл байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біз биыл алғаш рет қатыстық. Павлодар облысының намысын Баянауыл ауданының төрт адамнан тұратын келіндер командасы қорғап, ынталандыру сыйлығы мен «Үлгілі келіндер» деген атаққа ие болды, – дейді «Қазақ аналары дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Апсаттарова. 

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Алматы облысынан келген қатысушыларға бұйырған және келесі жылы байқау Алматы өңірінде өтеді. 

– Сол байқауға облыстың ауыл аймақтарында дайындық өткізіп, іріктеу өткізуіміз керек. Бұл жұмыс келесі жылға жоспарланып отыр. Әр отбасының ұйытқысы – әйел адам. «Абысын тату болса, ас көп» деп бекер айтпайды. Ақылды әйел ағайынның басын біріктіріп, ақ ниетімен, ақ пейілімен шаңырақтың басын біріктіріп тұрады. Шаңырақтың шаттығы әйел адамдарға байланысты, ер азаматтың орны екі саты жоғары болады, – дейді Айжан Апсаттарова. 

Еске сала кетейік, Республика күніне орай Мәшһүр Жүсіп мешітінде «Әйел-қыздар» секторы мен «Қазақ аналары дәстүрге жол» ҚБ шебер аналары қолөнер көрмесі мен қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды.