Ақтоғай ауданынан шыққан ұстаздар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауында үздік атанды
Жеңімпаз атанған отбасы мүшелерінің бірі @Pavlodarnews.kz тілшісіне байқаудан алған әсерлерімен бөлісті.
Отбасы күні қарсаңында Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев байқау жеңімпаздарына арнайы сәлемін жолдап, құттықтау хатын жіберді. Президенттің жылы лебізін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.
– «Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
«Мерейлі отбасы – 2024» байқауында Павлодар облысының атынан намысын қорғауға барған Теміровтер отбасы үздік деп танылды. Теміровтер отабсы Ақтоғай ауданының Қараоба ауылдық округінен шыққан.
100 жылдан астам еңбек өтілі бар отбасының өкілдері – мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, педагогика салаларының қызметкерлері. Отбасы соңғы үш жыл бойы байқауды сырттай тамашалап, биыл байқаудың облыстық кезеңіне қатысуды ұйғарған. Олар облыстық деңгейден республикаға ары қарай өтіп, жеңімпаз атанды. Анасы Шолпан Байдильдина қуанышымен бөлісіп, байқаудан алған әсерін айтып берді.
– Біз сайысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Отбасы үшін өте жақсы тәжірибе болды. Осы күнге дейінгі отбасылық өмірімізге талдау жасауға мүмкіндік берді,– деді Шолпан Байдильдина. – Бұл сайыста барлық отбасы мүшелерінің биылғы жылдың жетістіктері бағаланды. Біздің отбасы ұстаздар әулеті. Өзім көп жылдар бойы мектепте партада отырған балаларға тәрбие беріп келдім. Екі қызым, ұлым, келінім, күйеубалаларым барлығы мұғалім. Олар да ұстаздық жолын таңдап, жақсы қызмет етіп келе жатыр.
Оның сөзінше, «Мерейлі отбасы» сайысында отбасындағы балаға беріп жатқан тәрбие, отбасылық құндылықтар басты назарда болды.
– Осы уақытқа дейін беріп жатқан тәрбиеміздің нәтижесін көрдік. Өйткені Павлодар облысынан 120 отбасы қатысыпты, соның ішінен жүлделі орын алу біз үшін үлкен мәртебе. Керемет рухани азық алдық,– деді Шолпан Байдильдина.
Айта кетейік, жобаға бір салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан еңбек династиялары, шығармашыл және бала асырап алған отбасылар, волонтерлер мен меценаттар қатысып жатыр. Биыл байқау 11-ші рет өткізіліп отыр. Байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 3 369 өтінім түскенін атап өткен жөн.