Ақтоғай ауданында өзенді жүзіп өткен жасөспірімдер құтқарылды
Оларды жағажай аумағын патрульдеу кезінде Ақтоғай ауданының полиция қызметкерлері көріп қалған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс өзенінің басқа жағалауында екі кәмелетке толмаған бала көмек сұраған. Тәртіп сақшылары ойланбастан дереу қайық пен құтқару кеудешелерін алып, құтқаруға жүзіп барған. Қорқып қалған балаларды қайыққа отырғызып, жағаға жеткізген.
– 14 және 15 жастағы жасөспірімдер ересектердің бақылауысыз өзеннің арғы жағына жүзіп өткен, алайда кері жүзіп өтуге күштері таусылған. Бұған қоса, екеуі қорқып қалған. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарымен мұндай фактілерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді департаментте.
Ата-аналар балаларына уақтылы көмек көрсетілгені үшін тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс айтты.
Павлодар облысының полицейлері жүзе білместен және судағы қауіпсіздік базалық ережелерін меңгерместен шомылу қайғылы жағдайға әкеліп соқтыратынын тағы да еске салады.