Ақтоғай ауданында балаларды дамыту орталығы ашылады
Бес жұмыс орнын ашу көзделіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды дамыту, түзету орталығының жетекшісі Айгүл Жүсіпова 2021 жылы пошта бөлімшесін жалға алып, курстар ашқан. Кейін конкурсқа қатысып, 583 мың теңге грант алған. Педагогикалық білімі бар, қосымша білім беру саласында 17 жылдан астам жұмыс істеген.
– Осылайша шағын кабинетті іске қостым, сұраныс та артты. 2023 жылы облыстық инновациялық грант бар екенін естіп, 4 миллион 960 мың теңге алдым. Өткен жылдың күзінен бастап біз құрылысты бастадық. Шарт бойынша жобаны қыркүйек айында іске қосу қажет. Ендігі кезекте шағын жұмыстар қалды, – дейді Айгүл Жүсіпова.
Кәсіпкер мектепке екі тілде «Ана мен бала», ағылшын тілі, сенсорлық интеграция, нейропластика курстарын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мамандарды іздестіруде. Бес жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы бойынша мансап орталығы арқылы бір адамды жұмысқа алған.
Орталықта өз қолдарымен жабдықтаған мектепке дайындық кабинеті бар және репетиторлық курстарды да ашу қарастырылуда.
Мектепке нейро дайындық кезінде үлкен оқу бөлмесі қажет, себебі, балалар көп қозғалып, жаттығулар жасауы тиіс. Санитарлық торап орталықтың ішінде орналасқан. Музыкалық жетекші оқуға қажетті дағдыны дамытуға көмектеседі.
– Павлодарда мұндай орталықтар әр бұрышта бар. Біз де қаладағыдай өмір сүргіміз келеді. Интерактивті панель бар, жақында түрлі түсті принтерлер сатып алдық, – дейді ол.
Жылыту жүйесі бойынша жұмыстар аяқталған. Елу шақты ата-ана орталықпен келісім жасаған.
– Әділетті Қазақстанның мәні – қарапайым адамдардың даму, өсу, өркендеу мүмкіндіктеріне ие болуында. Жұмыс істегісі келетін, жаңашылдық пен білімге ұмтылатын, жұмыс орындарын ашқысы келетін адамдар мемлекеттік қолдауға әділ қол жеткізуі керек. Тек ірі компаниялар ғана емес, шағын кәсіпорындар да субсидия алуы тиіс, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Ертіс ауданындағы жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмыстарды бақылап қайтты. Келесі жылға Ертіс пен Железин аудандарының өңдеу аумақтарын ұлғайту тапсырылды.