Алматылық жас миллионер Павлодар жастарына көмектесуге дайын
Кәсіпкер студент өңірде көптеген талантты адамдар бар екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Халықаралық бизнес академиясының колледж түлегі, 18 жастағы кәсіпкер Зайдун Мұхамедали Павлодарда өткен республикалық тамыз кеңесінің ТжКБ ұйымдары педагогтарының пленарлық отырысында сөз сөйледі.
– Жастар – халықтың ең белсенді бөлігі, біз барлық жерде жетістікке жеткіміз келеді, – дейді Зайдун Мұхамедали. – Ал колледж – студенттің табысты тұлға ретінде қалыптасуының басты бөліктерінің бірі.
Жас жігіттің айтуынша, колледждің бірінші курсында ол сыныптастарымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып, әлеуметтік барбершоп ашқан.
– Бұл режимде бір жылдай жұмыс істеген соң әрі қарай жүру керек екенін түсіндім, – деп еске алады жас кәсіпкер. – Коммерциялық жобалармен айналыса бастадым. Шағын капитал жинап, beauty-индустриясына көштім.
Әрі қарай кәсіпкерлік құзыреттіліктің жетіспеушілігі студентті бизнес саласында білім алуға себеп болған. Осылайша ол келесі жарты жылын әдебиет оқуға, тренингтер мен семинарларға қатысуға, кәсіпкерлік және бизнес мектебінде оқуға арнап, іскерлік және экономикалық ойындарға қатысқан. Бұл оған трафик агенттігін ашуға көмектескен.
– Біздің колледждегі кәсіпкерлік және бизнес мектебін басқару кезінде өз тәжірибеммен бөлісе отырып, студенттеріміздің болашақта менің қателіктерімді жібермейтіндей жұмыс істеуге тырысамын, – деп атап өтті спикер.
Зайдун Мұхамедали компаниясының штатында 19 адам және 50-ге жуық адам аутсорсингте жұмыс істейді: заңгерлер, бухгалтерлер, сату қызметкерлері.
Жас жігіттің айтуынша, компания клиенттерді интернет-жарнама арқылы бизнеске тартады. Мамандар Instagram, TikTok-та таргет жарнамаларды пайдаланады, SEO-жылжумен, контекстік жарнамамен, бизнес-процестерді автоматтандырумен және сатылымдарды құрумен айналысады.
– Біз тамыз айында 12 миллион теңге тапсақ, ал клиенттеріміз біздің қызметтеріміздің арқасында 100 миллион теңгеден астам табыс тапты, - деді жас кәсіпкер.
Оның пікірінше, елдің әрбір колледжінде бизнес-инкубаторлар құру маңызды. Олардың негізінде төрт компонент бар – материалдық база, оқыту, инвесторлар және іске асыру. Мұндай бизнес-инкубаторлардың басты миссиясы – бизнес-жобаны іске қосу, тек қаланы, ауданды немесе облысты ғана емес, болашақта бүкіл елді дамытатын кәсіпкерлердің жаңа буынын құру.
– Павлодар облысында кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін немесе қазірдің өзінде айналысатын кәсіпкер жастар өте көп, – дейді жас кәсіпкер. – Мүмкін болса, бизнес-инкубаторларды ашуға және жас кәсіпкерлерге кеңес бергім келеді.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді талқылау орталығына айналды. Мұндай іс-шара алғаш рет бір уақытта 20 өңірде әртүрлі бағытында өткізілуде. Павлодар облысы үшін техникалық кәсіптік білім беру тақырыбы таңдалды, өйткені өңірде өнеркәсіп саласын дамыту бойынша үлкен тәжірибе жинақталған.